Astana Media Week: Жалған ақпарат таратушылармен күрес күшейтіледі
Журналистердің мәртебесін көтеретін «Масс медиа туралы» заң жобасына бірқатар жаңа норма енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Astana Media Week алаңында ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлімдеді.
Автор: Айғаным Достанбай
26.10.2022
Дархан Қыдырәлі медиа мамандарын нақты нендей өзгерістер күтіп тұрғанын атаған жоқ. Есесіне, жалған ақпарат таратушылармен күресті күшейтуге білек сыбана кірісейін деп отыр. «Сала мамандарының алдында аудиторияны жалған және шын ақпараттың аражігін ажыратуға үйрету, яғни медиа сауаттылық ұғымын ұлғайту міндеті тұр», - деді министр.
Бүгін елордада Astana Media Week-2022 апталығы басталды. Алтыншы рет өткізіліп отырған шара отандық және шетелдік жетекші медиаменеджерлер, журналистер, блогерлер мен тәуелсіз сарапшылардың басын қосты. Алдағы үш күн бойы алыс-жақыннан жиналған медиа өкілдері ақпарат таратудың жаңа тәсілдерін талқыға салады.
Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Бірінші – журналистердің біліктілігін жетілдіру. Сонымен қатар өңірлік басылымдар, өңірлік медиа өкілдерін де оқытуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, оқығысы келген кез келген азаматты ол жерге тартуға болады. Қазір біз дайындық үстіндеміз.
Бас қосуда әлем бойынша аудиториясы ауқымды TikTok пен Meta компаниялары өкілдерінің төбе көрсетуі де тегін емес. Meta мен TikTok Қазақстанда кеңсе ашуды жоспарлап отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де алдағы уақытта аталған компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істейміз дейді. Себебі, соңғы жылдары қысқа әрі визуалды контент ақпарат алудың негізгі көзіне айналып келеді.
Анастасия Панина, Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры:
- Қазақстан аудиториясы өте шығармашыл. Біз жаңа контент жасайтын көптеген музыкантты, мұғалім мен жас аналарды байқадық. Қоғамға жақын болғымыз келеді, сондықтан Қазақстанда өкілдік ашамыз деп шешім қабылдадық. TikTok желісіндегі контентті барынша қызықты әрі пайдалы етіп, білім беру ұйымдарымен, мемлекетпен бірігіп түрлі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!