Ақтаулықтар толассыз жауыннан үйінен шыға алмай қалды
Ақтаулықтарды түннен бері толассыз жауған жаңбыр әбігерге салды. Жауын-шашын көшені көл қылып, жұрт үйінен шыға алмай қалды.
Автор: Айман Нұрмағанбет
28.10.2022
Ақтаудағы элиталы тұрғын үйдің бірі. Жаңбыр суы үйдің автотұрағына кірген. Жертөледегі қоймалар да суға толып қалған. Арнайы мамандар суды сорғызып әлек. Ал көшедегі көрініс тіпті жаман. Жаңбырдың көлкіген суынан адам түгілі, көлік те жүре алмайды. Табиғат тосын мінез танытып жатқанда такси қызметі де құнын көтеріп жіберген. Әншейінде қала ішінде 400 теңгеге баратын жерге 1000 теңге сұраған. Коммуналдық қызмет таңертеңнен бері қаланы судан тазартып жүр. Түске дейін мың жарым текше метр су сорғызылды.
Нағима Ургенчева, «Қала жолдары» ЖШС өндірістік техника бөлімінің басшысы:
- Тұрғындарды сәл сабырға шақырғым келеді. Таңғы сағат жетіден бастап жауын күшейіп, «Қала жолдары» ЖШС қызметкерлері жолға шығып, жұмысын бастап кетті. Қазір техникамыздың бәрі жеткілікті. Мотопомпамыз да жеткілікті. Алдымен орталық жолдарды судан тазалауға адамдар сайлағанбыз. Содан кейін шағынаудандарға кірісеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!