Көкшетауда 26 мектепке жарылғыш зат туралы хабарлама жіберілген
26 мектепке «бомба қойылды!» Әлдекім Көкшетаудағы білім мекемелерінің электронды поштасына осындай хабарлама жіберген. Күштік құрылымдарға бірінен соң бірі 26 мекемеден түскен шұғыл ақпарат бойынша шешім қабылдау оңайға түспеді.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.10.2022
Мектептердегі қызметкерлер мен оқушылар тегіс сыртқа шығарылып, эвакуация жасалды. Бұрын соңды білім ошақтары бір сәтте дәл осындай суыт хабар алып, әбігерге түсіп көрмепті.
Ең бірінші бұл хабарламаны №3 мектеп-гимназиясының директоры көрген. Мектептің электронды поштасындағы шұғыл ақпарат шынымен қорқынышты болған. Алғашқыда қатесі тұнып тұрған хатты «түсінбей қалдым» дейді ол. «Бәрің өлесіңдер»делінген онда. «Зәреміз қалмай, балаларды мектептен шығаруға асықтық», - дейді мектеп басшысы.
Ардақ Ахметжанова, №3 мектеп-гимназиясының директоры:
- Ақпаратты оқығанда бірінші түсініксіз болды. Себебі, қазақша аударылымы дұрыс емес. «Сіздің мектебіңізге мина қойдық. Мен ерлік жасағым келеді. Сондықтан күтіңіздер» деді. Бірден көре сала, шұғыл шараларға бірден кірістік.
Мектепте таңертең оқитын 360 оқушы мен 80 қызметкер болған. Бірден дабыл қағылып эвакуацияланды. Арнайы қызмет те жетіп, саперлар іске кіріскен. Екі сағат бойы мектепті тексерген мамандар ешқандай қауіпті зат таппаған. Осы уақытта шұғыл хабарды естіген ата-аналар да мектептегі балаларына асыққан.
Шолпан Тусвалиева, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Бомба қойылыпты деп, тексеріп жатыр қайтақайта. Жиенім оқиды осында, қызым «мама алып кетші» деп далада жүрген көрінеді. Жанталасып келе жатырмын.
Бұрын да талай қоңырау шалынып ақпарат жалған болып шығатын. Дегенмен жаман айтпай, жақсы жоқ. Балаларымыз үшін қорқамыз дейді ат-аналар. Осы жолғы жағдай мүлдем басқа. Бүгін бір емес, қаланың барлық мектебіне осындай хабарлама кезек-кезек түскен.
Еркін Мәмбет, Ақмола облысы ПД басқарма бастығы:
- «Жарылғыш зат қойылды» деген ақпарат түсісімен барлық күш құрылымдары іске кірісті. Әзірге тексерілген нысандардан бомба табылған жоқ. Қазір ондай ақпарат басқа мектептерге де бірінен соң бірі түсіп жатыр. Бәрін тексереміз. Тұрғындарды дүрбелеңге түспеуге шақырамыз.
Ала таңнан аяғынан тік тұрған шұғыл қызмет арнайы құрылғымен мектептерді түгел тінтіп шықты. Жарылғыш зат табылмады, ақпарат – жалған. Ал екінші ауысымдағы оқушылар сабағын жалғастырып жатыр. Бүгін бірінші тоқсанның соңғы күні. Ертең каникул.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!