Аймақтарда тұмауға шалдыққандар саны өсіп барады
Еліміздің бірнеше өңірінде тұмауға шалдыққандар саны күрт өскен. Соның бірі – Қарағанды облысында вирус өршіп тұр. Сондықтан санитар мамандары тұрғындарға шұғыл түрде екпе алуға кеңес береді. Өйткені дерттен қорғанудың ең тиімді жолы – екпе алу дейді. Ал өзге өңірлердегі ахуал қандай?
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.10.2022
Дәл қазіргі кезеңде тұмау ең қауіпті аурулардың біріне айналды. Солтүстік Қазақстанда тұмауға шалдыққандар саны күн санап артып барады. Соңғы екі аптада мұнда 19 адам тұмау жұқтырған. Бұл тек емханаға келгендердің саны. Мамандар одан қорғанудың ең тиімді жолы – екпе салдыру дейді.
Айнаш Сағындықова, СҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаментінің бас маманы:
- Тұмауға қарсы вакцина алу аурудың асқынған ағымынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды. 3 қазаннан бастап облысымызда иммундау басталды. Вакциналау А типті (H1N1, H3N2) және В типті тұмаудан қорғайтын ресейлік үш валентті «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады.
Санитар мамандары вакцина жеткілікті дейді. Соңғы дерек бойынша 50 мыңға жуық тұрғынға екпе егілген. Аймақта тұмауға шалдығу көрсеткіші жоғары болғанымен, ел арасында дүрбелең туындаған жоқ. Себебі оған қарсы тұратын дәрілер жеткілікті.
Қарағанды облысында ыстығы көтеріліп, тамағы ауырған 41 адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Жедел респираторлы вирус жұқтырғандар саны осы айдың өзінде 6 мың адамнан асыпты. Олардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар.
Вячеслав Рогозин, Қарағанды облысы жедел жәрдем станциясының директоры:
- Жұқпалы аурулар ауруханасы қабылдап жатыр. Дегенмен қарбалас бар. Өйткені ауырғандар саны артты. Сондықтан біздің бригадалар хаттама бойынша тұруы тиіс 10 минут емес, пациентті өткізу үшін жарты сағатқа дейін бөгеледі. Әзірге «бізде орны жоқ, алып кетіңдер» деген сөзді естіген жоқпыз.
Дәрігерлер вирусты өршітпеу адамның өз қолында екенін ескертеді. Яғни ауру жұқтырғандар санитарлық ережені қатаң сақтауға тиіс дейді. Тұмауға шалдыққандар бетперде тағып немесе үйінде жатса, оның таралауы тежеледі. Әрі адамдар түрлі дәрумен ішіп, иммунитетін көтеру керек екен.
Жамбыл облысында да ахуал мәз емес. Жедел респираторлы вирус пен тұмау жұқтыру дерегі 7 мың адамға жуықтаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш пайызға жоғары дейді санитарлар. Ал науқастардың көбі 14 жасқа дейінгі балалар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!