Бар ақшасын салған үлескерлер сапасыз үйде жылуға жарымай отыр
Ақтауда үлескерлер баспана сапасына шағымданады. Бастапқыда премиум санаттағы үй деп жарнамаланған «Айсар» тұрғын үй кешеніның атына заты сай болмай шыққан. Бар ақшасын салып қоныстанған тұрғындар тіпті жылуға жарымай отыр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
28.10.2022
Ал кейбірінен үйінің өлшемі артық шықты деп қосымша ақша талап етіп жатқан көрінеді. Мердігер мекеме өкілдері тұрғындардан шыдам танытуды сұрап отыр.
Үлескерлердің айтуынша. құрылысы жазда аяқталады деген «Айсар» тұрғын үйінде әлі жөндеу жүріп жатыр. 252 пәтерден тұратын тоғыз қабатты үйдің кейбір бөлігінің кіреберісі де жөнделіп бітпеген.
Аққали Сүйеншиев, Ақтау тұрғыны:
- Үйді жазда бітіріп береміз деген. Негізі сәуірде бітіреміз деген. Қазан болды, көріп тұрсыздар, жөндеуді аяқтамады. Жасалып жатқаны шамалы. Бір айдай болып қалды. 10 метр кеспе тас төселді. Ары қарай төселген жоқ.
- Жылу жоқ. Пеш қосып отырмыз. Үйімізде кішкентай немереміз бар, жеті айлық. Бізге жылу керек.
Үй құрылысы толық аяқталмаса да, кейбір тұрғындар үйіне жөндеу жүргізіп кіріп алған. Алайда жылу әлі берілмеген. Одан қалса әр пәтердің өлшемі бастапқыда келіскеннен артық шығыпты. Мердігерлер артық шаршы метрге де ақша талап етіп отыр екен.
Әлия Қуанышқызы, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бізде жылу жоқ, Үй толық салынып бітпеген. Қатып өлейін деп отырмыз. Қарайған пешімізді қосып қойып отырмыз. Подъездер аңғалсаңғал. Үйдің сырты қоршалмаған. Бізге 12-13 шаршы мет рден төлеулерің керек дейді. Ол деген 2,5-3,5 миллион ақша! Біз кезінде алғанда 23 миллионның үстінде алып едік. Енді ол үйде шаршы метрі көп деп, қайтадан үстіне 2,5 миллион қосып берсеңіз дейді.
Ал мердігер мекеме өкілдері пәтерлердің артық шаршы метрмен шығуы біздің кінәміз емес деп ақталды. Сондықтан артық шаршы метрге тұрғындар төлесе екен дейді. Ал үй құрылысының әлі толық аяқталмауы материалдардың кешігіп келуінен деп отыр.
Асхат Төлегенов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Мойындаймыз, аздап графиктен қалып қойдық. Бірақ біз кез келген клиентті тыңдап, қате ме, қате жерін жөндеп береміз. Артық шаршы метрлер шығып жатыр дейді. Оны біздің мекеме шығармайды. Мына үйдің техпаспорты өлшенеді. Арнайы мекеме, БТИ дейді, ол келеді. Құжатпен өлшейді. Егер кем шықса, клиентке мекеме береді. 2 блогымдағы тұрғындар подъездің ішкі жұмысы бітпей жатыр дейді, мен лифтімді енді салып болдым.
Мердігер мекеме өкілдері құрылыстың кем-кетігін бір аптада жөндейміз деп уәде берді. Ал жылу жүйесін қосуға дайынбыз деп сендірді. Тек жауапты мекеме уақтылы жылуды жіберсе болды деп отыр. Тұрғындардың енді күтуден басқа амалы жоқ. Егер ол кезде де нәтиже шықпаса, құзырлы орындарға барып арызданбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!