Үш мың адамның 15 миллиардтан астам ақшасымен шетелге қашқан – QI Trade Kazakhstan
Байымақ болып барынан айырылған. Алматыда QI Trade Kazakhstan компаниясына 100 миллиондап құйып сан соғып қалғандар полиция департаментінің алдына жиналды. Олар қаржы пирамидасының басшылары үш мың адамның 15 миллиардтан астам ақшасын қалтасына басып шетелге қашып кеткен.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
02.11.2022
Екі жылдан бері ақшасын өндіре алмай жүргендер тергеудің сиыр құймышақтанып кеткеніне ренжулі. "Банкте ақша сақтау – харам" деп жүріп, жұртты арбап кеткен.
Оңай олжа табамын деп опық жеген салымшылар Алматының полиция департаментінің алдына келді. Әрқайсысы QI Trade Kazakhstan-ға қомақты қаражат құйып, ай сайын дивиденд алып отырмақшы болған. Түсетін пайда да компанияға салған ақшаға байланысты деп сендірген екен. Яғни қаншалықты көп құйсың, соншалықты сыйақы да көп болады. Осылайша аңғал халық осы уақытқа дейін тапқан-таянғанын күмәнді ұйымға салыпты.
Фәтима Низамова, Алматы тұрғыны:
- 188 миллион салдым, балам. Компанияға сеніп қалдым. Бір танысым апарған. Оның алдында №34 автобуста, метрода жарнама жүрді. Оны да көрдім. Кейін танысым сол компанияға ақша салып жатқаныма екі жыл болды деді. Соған сеніп бардым. Директорға кірсем: «Апай, банкте ақша ұстамаңыз, ол – харам» деді. Кабинетінде үлкен Құран кітап тұр. «Мен анамды екі рет қажылыққа апарып келдім, намаз оқимын, Құдайдан қорқамын» деді.
Айтуларына қарағанда, осыдан екі жыл бұрын компания жабылып, екі басшысы үш мыңға жуық салымшының 15 миллиардтан астам теңгесімен шетелге қашып кеткен. Енді жұрт қарапайым халықты алдап қалтасын қампайтқандарды сол уақыттан бері іздеп таба алмай жүрген полицейлерге қапалы.
Жанагүл Оразахұнова, Алматы облысының тұрғыны:
- Ең бірінші бастаған кезде компанияда Әбдіжаппаров деген болды. Сол Әбдіжаппаровты іздеумен айналыспай жатыр. Ол кісі Ресейде, Мәскеуде, андамұнда дейді. Екі жылдан бері ұстайтын уақыты болды. Одан кейін Сағымбаев Нұрлан деген жігіт бүкіл конференцияның бәрін жүргізген. Іздестіру шарасы дұрыс жүрмей жатыр. Әбдіжаппаров пен Сағымбаев екі жылдан бері неге ұсталмайды? Басшыларын ұстамағандықтан, қол астындағы менеджерлерді ғана ұстап, солармен ғана сот болып жатыр. Ол соттың өзіне қанағаттанбаймыз.
Ал полицейлер жеті сезіктіні жер-көктен іздеп жатқанын жеткізді. Қаржы пирамидасына қатысы барларлардың әрқайсысы әр түрлі мемлекетте бой тасалап жүр екен.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Алматы қаласы полиция департаментінің өндірісінде тек іздестіру ісі бар. Іздестіру ісіне сәйкес 7 сезіктіні ұстауға және оларды құрықтауға бағытталған ісшаралар жүзеге асырылуда. Біздің полиция департаментінің оперативті қызметкерлерімен барлық арнайы іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. Сезіктілер міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылады.
Салымшылар күдікті ұйым басшыларының тезірек ұсталып заң жүзінде жазаға тартылуын талап етіп отыр. Әрі компанияға құйған қаражат толық қайтарылса екен дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!