{metadescription}
Алматыда құрылысы тоқтап қалған апатты көпқабатты екі үй сүріледі
Алматыда құрылысы тоқтап қалған апатты көпқабатты екі үй сүріледі

Алматыда құрылысы тоқтап қалған апатты көпқабатты екі үй сүріледі

«Үй салудан оны бұзу қымбат!» Алматыда апатты деп танылған тағы екі көпқабатты үй сүрілетін болды. Іргетасы шөгіп, қабырғасы қақыраған қос үйдің құрылысы жеті жыл бұрын тоқтап қалған.

Мемлекеттік бағдарламамен бой көтерген тоғызқабатты баспананы бұзуға бюджеттен 1 миллиард 400 миллион теңге бөлініпті. Атышулы Зерделі ықшамауданында бұдан бөлек қисайған 30 үй бар. Оларды қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Құрылысы 10 жыл бұрын басталған көпқабатты үйлер сол күйі салынып біткен жоқ. Себебі, мамандар сапасы сын көтермейтін қос үйді апатты деп таныды. Қазір жұмысшылар үйді бұзуға кірісіп кеткен. Ал оның орнына саябақ салынады деп жоспарланған.

Терезесі үңірейіп, қаңырап бос тұрған 108 пәтерлі екі үйді салуға қала қазынасынан 600 миллион теңге бөлінген. Алайда мердігер компания бастаған жұмысты аяқсыз қалдырыпты. Оған қоса құрылыс талапқа сай жүргізілмеген. Қаланың құрылыс басқармасы сотқа жүгініп, соның қорытындысы бойынша аталған компания қара тізімге ілігіп, бюджетке 140 миллион қайтарды.

Айдар Нұрғожаев, Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Алматыда «Қазнииса» деген мемлекеттік мекеме бар. Осы институттың қорытындысы бойынша үйдің сапасы өте нашар. Атап айтқанда, бетонның беріктігі, арматура сәйкес келмейді. Және де үй дұрыс салынбаған. Мердігердің өзі жауапсыз болып тұр ғой. Жұмысын да дұрыс істемеген. Уақтылы жасамаған. Проблемалы компания деп айтуға болады. 

Зерделі ықшамауданында 30 үйдің іргетасы шөгіп, бірінен кейін бірі қисайғаны ел есінде. Оны қалпына келтіру һәм күшейту жұмысы әлі жүріп жатыр. Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев құрылыс материалдарының тоқтаусыз қымбаттауы үй сапасына тікелей әсер еткенін жеткізді. Қалтасының қамын күйттейтін компания басшылары «үнемдейміз» деп, тұрғындардың қауіпсіздігін ұмытады дейді сарапшы.

Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:

- Орталықтан қаражат бөліну, жергілікті атқару органдарынан қаражат бөлу мәселесі дұрыс шешілмеген. Өйткені  бюрократ қадам көп. Ақша бөлінсе де, бір мезгілде бөлінбейді. Берілген ақша қайта арзандап, жұмыс бітіруге жетпейді. Аяғында үйдің сапасына әсер береді.

Ал жарамсыз деп танылған Зерделідегі екі үйді сүруге 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Бұл аумақты 17 адам мен 8 арнайы техника жылдың соңына дейін тып-типыл етуі тиіс. «Үйді cалудан гөрі, бұзудың шығыны көп» деп ақталған атқамінерлер абаттандыруға қосымша қаражат қарастырылуы мүмкін деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

15 қараша

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде