Қаңтар оқиғасы: Рақымға іліну үшін кінәсін мойындау талап етілмейді
Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылыққа іліну үшін кінәсін мойындау талап етілмейді. Заңнан бұл тармақ алынып тасталды. Осыған дейін сотталушылар кінәсін толық мойнына алған жағдайда ғана жазасы жеңілдейді деген талап болған.
Автор: Әзиза Төленби
03.11.2022
Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Рақымшылық жасаған адамдар ақталған боп саналмайды. Бұл ақтауға негіз емес. Сондықтан рақымшылыққа байланысты жазадан босатылған адамдарға заңнамада белгілі бір шектеулер бар. Атап айтқанда, рақымшылық жасау актісі қолданылған адамдар мемлекеттік қызметке, құқық қорғау қызметіне кіре алмайды деп көрсетілген. Бірақ бұл шектеулердің рақымшылыққа ілінгендердің туыстарына ешқандай қатысы жоқ.
Ал рақымшылыққа ілінгендердің темір түрмеден нақты қай уақытта шығатыны әзірге белгісіз. Өйткені кейбір іс әлі күнге дейін тергеу-тексеру деңгейінде. Қылмыстық іс соттың алдына жетпейінше, ешкім босатылмайды.
Ал осыған дейін күдікті болып түрмеде жатқан азаматтарға рақымшылыққа іліну туралы арыз жазуға рұқсат берілген. Тек қылмысы заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келсе, жазасы жеңілдейді немесе бостандыққа шығады. Толық ақталып барып шығамын дейтіндерге де тосқауыл жоқ. Президент жарлығына сәйкес, Қаңтар оқиғасына қатысқан мың жарым адамның жазасы жеңілдетіледі. Рақымшылықтың тек ауыр қылмыс жасағандарға, террористер мен Отанын сатқандарға, ұсталғандарды азаптаған полицейлерге қатысы жоқ.
Эльвира Әзімова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінде кісі өлтіруге байланысты іс жүргізілген жоқ. Сәйкесінше, сотқа да мұндай іс жетпеген. Ал ұстау кезінде азаптаудан өлген алты жағдайға келетін болсақ, «Рақымшылық туралы» Заңда азаптаған адамдар рақымшылыққа түспейтіні анық жазылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!