Президент атом энергиясы, инфляция, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Сол жағалаудағы қарбалас әлі саябырсыған жоқ. Президент бүгін Ақордада тағы бірсыпыра мәртебелі мейманды қонақ етті. Шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергиясынан бастап, инфляция мен азық-түлік қауіпсіздігіне дейін бірқатар мәселені көтерді.
Автор: Айғаным Достанбай
04.11.2022
Президент жылына бір мәрте шетел елшілерінің басын қосуды дәстүрге айналдырған. Бір-бірімен жиі кездесе бермейтін дипломаттар жиын басталмас бұрын жүзбе-жүз қауқылдасып, пікір алмасып үлгерді. «Елдестірмек – елшіден» деген аталы сөздің парқын білетін қазақ халқы қай кезде де елшілерге құрметпен қараған деді президент. Мемлекет басшысы елдегі ауқымды реформаларға тоқталып, Қазақстан шынайы еркін нарық экономикасын құруға мүдделі екенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Үш жарым жыл ішінде Қазақстанда саяси жаңғыру және адам құқығын қорғауда көп жұмыс атқарылды. Саяси реформалардың төрт топтамасы жүзеге асырылды. Азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігі кеңіді.
Елімізде қазанда айлық инфляция 1,6 пайызды, жылдық инфляция 18,8 пайызды құраған. Сандардың бұлайша шарықтап кетуін мемлекет басшысы шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейімен байланыстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Әлемнің ең ірі он астық экспорттаушы елдерінің қатарына кіреміз. Қазақстан зығырды ірі өндірушілердің және майлы дақыл экспорттаушылардың бірі. Сонымен қатар бізді шетел азықтүлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады. Бұл инфляцияның өсуіне алып келеді. Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияға сыртқы факторлар ықпал ететінін айтып отыр.
Қазір әлемде геосаяси жағдай да мәз емес. Тіпті ядролық қару қолдану туралы мәлімдемелер де оқтын-оқтын айтылып жүр. Атом энергиясы адамзаттың орасан зор жетістігі екенін есте ұстаған жөн. Мемлекет басшысы оны жойқын қару ретінде емес, халқымыздың игілігіне пайдалануға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан елдердің және БҰҰ жарлығына сәйкес елдердің егемендігін, территориялық тұтастығын қолдайды. Қазақстан және Орталық Азия өңірі өзара пайдалы ынтымақтастықты құруға және мүдделі елдермен ықпалдасуға ашық екенін көрсетіп жатыр.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. 70 елде 104 елшілік пен консулдықтар бар. Біздің елдегі шетелдік дипломатиялық өкілдік саны да жыл сайын артып келеді. Қазір елімізде 71 елшілік пен 30 халықаралық ұйымның өкілдігі орналасқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!