Емшектегі сәбиімен есірткі жасырып жүрген – Көкшетау
Көкшетауда емізулі екі айлық сәбиімен есірткі жасырып жүрген жас ана ұсталды. 26 жастағы келіншек баланы сырт көз қылмысын байқамауы үшін пайдаланған. Жас босанған ана Астанадан осы кәсіппен айналысу үшін арнайы келіпті.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
04.11.2022
Полицейлер астаналық келіншекті ұстағанда екі айлық баласы көлігінің алдыңғы орындығында жатқан. Дүниеге келе сала, анасының ауыр қылмысына куә болғанын сәби түсінген де жоқ. Ал оның әкесі де осы кезде қаланың бір шетінде оралған есірткіні жасырумен айналысып жүріпті. Күдікті келіншек синтетикалық дәріні электр бағаналарының түбіне, ағаштың қуысына, тіпті орталық саябақтағы орындықтың астына дейін жасырып сауда көзін тапқан. Осылай шапқылап жүргенде сәбиін қолынан тастамаған. Өйткені балалы әйел бұндай әрекетке барады деп ешкім ойламайды дейді полицейлер. Жедел-іздестіру шарасы кезінде қылмыстық топтың үш адамнан құралғаны анықталды.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Олар Астанадан Көкшетауға есірткі тарату үшін келген. Сәбиді де сол мақсатқа пайдаланған. 134 түйір орамада есірткіге ұқсас зат тәркіленді. Сотмедициналық сараптама тағайындалды. Ешқайда шықпау туралы қолхатпен мәжбүрлі түрде ішкі істер органына келуге міндеттелді. Аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!