Түркияда "Қорқыт ата" кинофестивалі өтіп жатыр
Түркияның Бұрса қаласында "Қорқыт ата" кинофестивалі өтіп жатыр. Шараға бауырлас мемлекеттердің кино майталмандары жиналған.
Автор: Елдос Есенбол
04.11.2022
Фестивалдің мақсаты – түбі бір түркі жұртының басын қосу. «Қорқыт ата толғауларына арқау еткен ортақ құндылықтарды насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар.
Басқосудың Бұрсада өтуі бекер емес. Түркі елдерін біріктірген Түріксой ұйымы бұл жылдың мәдени астанасы етіп дәл осы қаланы таңдаған. Ал Қазақстан делегациясының құрамында Нұржұман Ықтымбаев, Ақан Сатаев, Қанат Төребай секілді белгілі кино майталмандары бар.
Нұржұман Ықтымбаев, Қазақстанның халық артисі:
- Бұл фестивальдың жөні бөлек. Мұндағы ең бастысы – түркітілдес халқы киногерлерінің бас біріккені. Осы фестиваль жасай берсін. Біз аман болайық. Осыны халыққа тарата берейік. Өте бір жақсы дүние.
Қатысушылар үш бағытта сынға түседі. Олар өз арасында үздік көркем фильм, деректі фильм, режиссерлық жұмысты анықтайды. Байқауға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжаннан іріктелген киножобалар жіберілген. Қорқыт Ата фестивалі биыл екінші рет өтіп жатыр.
Жахонгир Қосимов, режиссер (Өзбекстан):
- Мұнда әркім өзінің жобасын ұсынған. Бұл өте жақсы деп ойлаймын. Бауырлас мемлекеттердің кино мәдениетінімен, өндірісімен жақынырақ танысуға тамаша мүмкіндік. Бұл фестиваль тек біздің басымызды қосып қана қоймауы керек. Жаһанға түркі халықтарының бірлігін, достығын паш етуі керек деп есептеймін.
Кинофорум ертең, арғы күндері жалғасады. Фестиваль аясында Түркиядағы қазақ киносының апталығы да қатар өтіп жатыр. Бауырлас елде қазақстандық "Дос-Мұқасан", "Ұлы дала таңы" және тағы бірнеше көркем фильм көрсетіледі. "Қорқыт ата" кинофестивалі келесі жылы Әзірбайжанда, арғы жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!