Алматыда RAF-2022 өңірлік форумы мәресіне жетті
Алматыда жарнама нарығындағы отандық және шетелдік мамандардың басын қосқан RAF-2022 өңірлік форумы мәресіне жетті. Шараға жиналғандар медиа нарықтың қазіргі аяқ алысын, маркетинг және digital-коммуникация тақырыбын талқылап, өз болжамын жасады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
04.11.2022
RAF-2022 форумына жарнама нарығының жілігін шағып майын ішкен кәсіби мамандар, маркетологтар, сыртқы жарнаманың операторлары жиналды. Әңгімеге өзек болған тақырып – өсу стратегиясы. Сарапшылар Орталық Азиядағы нарықтың қазіргі аяқ алысын талдап, өз ойын ортаға салды.
Дмитрий Маров, Орталық Азия жарнама қауымдастығы кеңесінің төрағасы, Dasm Froup компаниялар тобының иесі:
- Бұрын бәрі түсінікті еді. Телеарнаға мынанша, сыртқы жарнамаға мынанша ақша береміз деп, нақты есебін білетінбіз. Ал қазір біз бұл мәселеге кешенді қараймыз. Тұтынушының тауарды қай жерден көріп, оны қайдан алған жолын бақылай аламыз. Сол арқылы жарнамаға кеткен нақты ақшаның есебін шығарамыз.
Сарапшылар радиодағы жарнамаға жұмсалатын ақша бес пайызға, ал телеарналарға он пайызға қысқарғанын айтады. Қазір сыртқы жарнама мен интернеттегі жарнаманың үлесі қарқынды артып барады.
Валерий Маштаков, IM Service Қазақстанның басқарушы серіктесі:
- Қаңтарақпан айындағы жағдайларға байланысты биыл осы нарыққа оңайға соқпады. Дегенмен жыл соңына қарай саладағы жағдай тұрақталды. Екінші жартыжылдықта өсім байқалады. Сондықтан келесі жылы бәрі дұрыс болады деп сенеміз.
Форумда сарапшылар тренд тауарларды, сыртқы фактор мен жарнама саласындағы проблемаларды талқылады. Бұл басқосуға көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан да мамандар келді. Олардың болжауынша, жыл қорытындысында жарнама беру тағы бес пайызға өсуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!