Риддерде төтенше жағдай – 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалған
Риддерде төтенше жағдай жарияланды. Шаһарда жылу қазандығы істен шығып, 22 мыңнан астам абонент жылусыз отыр. Дегенмен бұзылған қазандықты жөңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 12 бригада жұмылдырылған. Тіпті тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы штаб құрылды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.11.2022
Ал жылудың жоқтығынан оқушылар қашықтан оқуға ауыстырылып, балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты.
Риддер қаласындағы 22 мыңнан астам абонент кешелі бері жылусыз отыр. Себебі: шағын шаһардағы қазандығы істен шығып, жылу жүйесі апатты жағдайда сөндірілді. Тұрғындар тізесін жылтуға электр жылытқышын орнатып, суықта қатып қалмаудың қамын жасауда.
Лида Черкашина , Риддер тұрғыны:
- Бізде үш күн жылу болса, бір апта болмайды. Дала суық. Аяз қыса бастады. Электр жылтқышпен қашанға дейін жан бағамыз? Тоқтан өрт шығуы ықтыймал. Қазір жылу жоқ, қыста не болады?
Пәтерлердің ішінде температура 15 градустан аспай тұр. Мектептерде оқушылар 11 қарашаға дейін қашықтан оқытылатын болады. Сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер де уақытша жұмысын тоқтатты.
Гүлбайлам Оразханқызы, Риддер тұрғыны:
- Әкім екі жұма бұрын жиналыс өткізген. «Істейді, жылу болады» деді. Міне, қар түсті. Дала суып кетті. Үйдің ішінде температура даламен бірдей. Осындай жағдайда Риддерде тұрып жатырмыз.
Қаладағы ірі коммуналдық апаттан кейін арнайы штаб құрылып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Атқамінерлердің айтуынша, жылу жүйесін қалыпқа келтірумен 12 бригада айналысып жатыр. Сондай-ақ қазандықтарға 120 тонна мазут жеткізілген.
Дмитрий Горьковой, Риддер әкімі:
- Бүгінгі күннің аяғына дейін №1 қазандықты қалыпына келтіру жұмыстары аяқталады. Ал №2 қазандықта жөңдеу жүргізіліп жатыр. Бәрі қадағалауда. Жедел штаб өкілдері жылу құбырларына тексеріс жүргізді. Қатып қалған құбыр жоқ.
Қазір күл шығару жүйесінде қозғалтқыш ауыстырылды. Жергілікті билік жақын күндері барлық үйге жылу беріледі деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!