Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке ауызсу тапшылығын жоюды тапсырды – Маңғыстау облысы
Ақтау халқы ауыз суға жарымай отыр. Өңірдегі ең өткір мәселені бүгін президент те қаузады. Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті әкімдікке ауыз су тапшылығын жоюды тапсырды.
Автор: Айман Нұрмағанбет
07.11.2022
Себебі: Маңғыстауда 2025 жылға қарай ауызсуға деген сұраныс 260 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін деп жоспарланған.
Мұндай олқылыққа жол бермеу үшін алдағы бес жылдықта облыстың барлық қала мен ауылдары сумен толық қамтылуы керек. Атап айтқанда, жекелеген ауылдарға ауызсу құбырын жүргізіп, теңіз суын тұшытатын мекеменің құрылғыларын жаңғыртуды тапсырды. Сондай-ақ туризм, экология мен көлік логистика мәселесі де көтерілді.
Жаз шығысымен маңғыстаулықтар судан тарығып әбден әлек болады. Тіпті су таситын көліктің кезегінде тұруға мәжбүр. Жауаптылар мұны Каспий суын тұшытатын зауыттардың қуаты әлсіз деп түсіндіруден жалыққан емес. Енді бұл мәселе президенттің назарына да жетті. Бүгін Маңғыстау облысына барған Қасым-Жомарт Тоқаев халықты ауызсумен қамтуға баса назар аудару керектігін айтты. Тіпті 2025 жылға қарай мұнайлы өңірде ауызсуға деген сұраныс 260 мың текше метрге дейін өсететін тілге тиек етіп, сумен қамту бағытында бірнеше жобаны қазірден бастап жүзеге асыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бес жыл ішінде өңірдегі қалалар мен ауылдарды ауызсумен қамту жөнінде міндет қойып отырмын. Әкімдік бұл бағыттағы жұмысты бастап кетті. Менің тапсырмаммен жыл аяғына дейін 12 ауыл орталықтан берілетін су жүйесіне қосылатын болады. Өңірде 2025 жылға дейін су тұшыту жөніндегі 9 жоба магистарльды су құбырын салу және қайта жаңғырту жөніндегі 4 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Маңғыстау – тоғыз жолдың торабындағы өңір. Сондықтан Президент өңірдің көлік-логистика және инвестициялық әлеуетін арттыру маңызды екенін айтты. Қазір мұнайлы аймақ азық-түліктің 80 пайызын сырттан тасымалдайды. Нәтижесінде жыл басынан бері облыстағы азық-түлік бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Бұған аймақтың орналасқан жері мен логистика да тікелей әсер еткен. Сондықтан Президент әкімдікке қазіргі әлемдік ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту керектігін тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біз бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торбына айналдыруымыз керек. Портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистика жүйесі қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз. Ақтау және құрық порттарының қуатын арттыратын болдық.
Маңғыстауда балабақбақша мәселесі де толық шешімін таппаған. Қазір 10 мыңға жуық балаға балабақшадан орын жетіспейді. Президент бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен жекеменшік серіктестік тетігін толық пайдалану керектігін жеткізді.
Орта білім беру саласында да кемшілік көп. Өңірде 13 мың оқушыға мектепте орын жетіспейді. Президент шенеуніктерге үш жылдың ішінде осы олқылықтарды шешуді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Апатты жағдайда тұрған үш ауысыммен оқытатын мектептер бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен Маңғыстау аймағында алдағы үш жылдың ішінде 21 мектеп салынады. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Облыс әкімдігі үш жылдың ішінде үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесін толық шешуге тиіс.
Бұдан бөлек, өңірдің туризм индустриясын дамыту туралы да сөз болды. Президент Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлесіп халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты. Әсіресе круиз туризмін дамытуға басымдық берілуге тиіс. Бірақ Каспий экологиясына көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Көк айдынның флора-фаунасын сақтап қалу үшін теңізді зерттеумен айналысатын арнайы мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!