Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Президенттің берген тапсырмалары
Мұнай көп, сақтайтын жер жоқ. Қара алтын тапшы болған жағдайда кәсіпорындар ішкі нарықты да қамти алмайды. Осы олқылықты жою үшін Атырау өңірінде үлкен қоймалар салу қажет. Бүгін Атырау облысына жұмыс сапарымен барған президент осыны тапсырды.
Автор: Жанат Молдашова
08.11.2022
Сондай-ақ мемлекет басшысы өңірдің ең өзекті мәселесі, атыраулықтарды алаңдатып отырған Жайықтың қазіргі жайы мен экология мәселесіне кең тоқталды.
Жайық – Атырау халқының тіршілік көзі. Тұрғындар ауызсуды осы өзеннен ішеді. Соңғы жылдары арнасы тарылып су деңгейі төмендеп, сағасының тереңдігі 30-40 сантиметрге жетіп қалған. Бір сөзбен айтқанда, экологиялық апат алдында тұр. Трансшекаралық болған соң, Ресейден ағып келетін судың да көлемі жылдан-жылға азайып барады.
Бүгін Атырау халқымен кездескен Президент Жайық пен Қиғаштың жайына тоқталып, өзендерді сақтауда екі елдің арасындағы келісім мүлтіксіз орындалуы керек деді. Сонымен қатар үкіметке су арнасын кеңейтуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Жайықтың тартылуы жұртты қатты алаңдатып отыр. Дарияның деңгейі соңғы жылдары төмендеп кетті. Өзен аңғарының экологиялық ахуалы күрт нашарлап, ластану көрсеткіші бойынша ең соңғы, яғни бесінші дәрежеге жетті. Мен бұл мәселені бірнеше рет халықаралық деңгейде көтердім. Көрші елмен әріптестікті нығайтып, келісімдердің мүлтіксіз орындалуына күш салуымыз керек.
Өндірісті өңір Атыраудың қазіргі экологиялық ахуалы мәз емес. Экологтар қала ішіндегі Атырау мұнай және газ өңдеу зауытының ауаға шығаратын зиянды қалдықтары шекті мөлшерден асып жатқанын айтып дабыл қағып жүр. Мемлекет басшысы осы мәселеге де тоқталды. Зауыт өз құрылғыларын заманауи үлгіде жаңғырта беруі керек деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Табиғатты қорғау – мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі. Ірі мұнайгаз компанияларының қызметі өңірдің экологиялық ахуалының нашарлауына әкеп соқтыруда. Экологтар зауыттың зиянды қалдықтары шекті нормадан жиі асып кететінін айтады. Бұған жол беруге болмайды. Әрине, экономикалық көрсеткіштер маңызды. Бірақ халық денсаулығы одан да маңызды.
Елімізде мұнай сақтайтын қойма жоқ. Тікелей экспортқа ғана шығарады. Қойманың жоқтығынан қара алтынның қоры да жоқ. Аяқ астынан мұнайсыз қалсақ, ішкі нарықтың өзін қамти алмаймыз. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қоймалар салуға тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір біз дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүрміз. Өйткені технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. «Қазмұнайгазға» экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, Атырау өңірінде үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырамын.
Атырау жұртымен жүздескен президент өңірдегі ауыз су тапшылығы, тас жолдардың тарлығы, тозығы жеткен электр желілерін де айтып тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққандар, ана мен бала өлімі көп. Қасым Жомарт Тоқаев мұның себебі – жергілікті жердің экология ахуалы мен білікті дәрігерлердің тапшылығы екенін жасырмады. Сондықтан басты міндетіміз – медицина инфроқұрылымын жақсарту деді президент.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!