{metadescription}
Жаңатұрмыс ауылы сусыз, жарықсыз, жолсыз отыр – Алматы облысы
Жаңатұрмыс ауылы сусыз, жарықсыз, жолсыз отыр – Алматы облысы

Жаңатұрмыс ауылы сусыз, жарықсыз, жолсыз отыр – Алматы облысы

Сапасыз құбыр әуре-сарсаңға салды. Алматы облысы Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары орталық су құбыры жиі жарылады деп шағымданып отыр. Соның салдарынан суды сатып алуға мәжбүр. 

Одан бөлек, негізгі көшеде жаяу жүргіншілер жолының, дала жарығының жоқтығы әбден қажытқан. Жергілікті әкімдік барлық мәселе жоспарға сәйкес шешімін табатынын айтады.

Кеше жауған қармен Бекмахамбет ақсақалдың уайымы ұлғая түсті. Құбыр осылай ауық-ауық жарыла берсе, аязда су қатып, тіршілік нәрінен тарығамыз ба деп қапалы. Жақында апат болған жерді қазып тастаған. Амалдың жоқтығынан, зәрезәп болған тұрғындар бөшкелерін алдын ала суға толтыруды әдетке айналдырған.

Бекмахамбет Жаңабайұлы, Жаңатұрмыс тұрғыны:

- Жаздай су біресе болады, біресе болмайды. Әр жерден жарылып кетіп жатыр. Міне, бүгін де қазып, қазір суды жабады. Көбінесе өзіміз кішкене су қорын жинап, соны ішіп отырмыз. Бөшкелеріміз бар, соған жиналған суды ішеміз.

Ауылдың аты Жаңатұрмыс болғанмен, заты – ескі. Алматы іргесіндегі елдімекеннің құбыры өзгелерден ерекше – жиі жарылады.

Тұрғындардың айтуынша, өткен айдың өзінде құбыр төрт рет жарылған. Жер астынан атқылаған су құдықтың аузы-мұрнынан шығып ағып жатыр. Дер уақытында тоқтатпаса, үйіміздің іргетасы құлай ма деп алаңдайды.

Сыртқа тасыған су асфальттің сапасын кетіруге себеп. Тұрғындар Ұлан көшесіндегі жолды әкімдіктен қайыр болмаған соң, өздері ақша жинап салдырған. Әлі күнге дейін жаяу жүргіншілер жолының жоқтығы да жанына батып отыр.

Дана Жақсыбаева, Жаңатұрмыс тұрғыны:

- Осы жерден үлкен тасжолға дейін 800 метр, бір шақырымдай жер. Ол жерден бәрі қалаға қатынайды. Балалар да, біз де, бір шақырым  жаяу жүреміз. Бір шетте қараусыз қалған ауыл сияқтымыз. Не Райымбек ауданына кірмейміз, не қалаға кірмейміз. Жарық жоқ, жол жоқ. Су жаз бойы мүлдем жоқ, түнде ғана береді.

Ауылдың проблемасы шаш-етектен. Тек жол, сумен шектелмейді. Негізгі көшеге жарық әлі жүргізілмеген. Автобус та айналып өтеді екен. Қордаланған мәселеге жауап беру үшін әкім орынбасары да жетті. Ол барлық жайдан хабардар екенін, жоспарға сәйкес шешілетінін айтады.

Қуаныш Қожахметов, Райымбек ауыл округі әкімінің орынбасары:

- Қазір жасап жатыр. Таудан су тартылып келе жатыр. Құбырын өздеріңізде көрген шығарсыздар, қазып тастаған. Су қосып берсе, бұл жағдай болмайды деп ойлаймын.

- Бұл қанша уақытта шешілетін мәселе?

- Келесі жылы толық орнына келеді. Ұлан көшесін қазір есептеп көреміз, жете ме жетпей ме, жол мәселесі бойынша. Жарыққа қатысты өтінішті беріп қойдық.

«Жаңа жылдан жарылқаймыз» деген атқамінердің жауабы жаңатұрмыстықтарды әзірге жұбата тұрады. Кішкентай ауылдың үлкен проблемасы шешімін тапқанша, шыдауға тура келеді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде