{metadescription}
Сенаторлар бюджет шығынын арттыруды сұрап отыр
Сенаторлар бюджет шығынын арттыруды сұрап отыр

Сенаторлар бюджет шығынын арттыруды сұрап отыр

Сенат үш жылдық бюджетті бекітпей, Мәжіліске кері қайтарды. Маңызды құжаттағы кей нормалармен келіспеген сенаторлар бұл жолы бюджет шығынын азайтуды емес, керісінше, көбейтуді сұрап отыр. Қаражаттың өңірлерге бөлінуі де Жоғарғы палата депутаттарының көңілінен шыққан жоқ. Сөйтіп аймақтардағы жол, ауызсу, газдандыру мәселелеріне қаражатты көбірек құю керек деп шешті.

Бюджетті бекітуге бүгін премьер-министр Әлихан Смайылов бастаған Министрлер кабинеті түгел келген. Әдетте Үкіметтің жұмысын тек сырттай сынап-сыбап алатын сенаторларға керегі де осы болған сыңайлы. Үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы үзіліссіз үш сағат талқыланды. Ұлттық экономика министрінің баяндамасын тыңдаған депутаттар Мәжілістегі әріптестері мақұлдаған құжаттан бірнеше кемшілік тапқан. Нақтырақ айтсақ, жол салуға, су құбыры мен ауылдарды газдандыруға қосымша қаражат керек дейді. Сөйтіп бюджет шығынын 71,8 миллиард теңгеге ұлғайтуды ұсынды.

Серікбай Тұрымов, Сенат депутаты:

- Осы заң жобасын талқылауда тұрақты комитеттер мен депутаттардан бірнеше ұсыныс келіп түсті. Республикалық, облыстық бюджеттер, манызды қалалар, 2023-2025, жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобасын өзгерістер енгізу үшін Мәжіліске жіберуді ұсынады.

Есесіне, сенаторлар 2023-2025 жылдар аралығында Ұлттық қордан қаражат алу туралы заң жобасынан мін тапқан жоқ. Демек Үкімет алдағы үш жылда Ұлттық қордың көмегіне кедергісіз сүйене алады. 2023 жылы 2 триллион 200 миллиард теңге, 2024 жылы  2 триллион, ал 2025 жылы 1 тиллион 900 миллиард теңге бюджетке құйылады. Смайыловтың сөзінше, бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Биыл үш жылдық бюджет қалыптастыру өте күрделі макроэкономика жағдайында жүргізілді. Соған қарамастан, Ұлттық қордан алынатын қаржыны 1,4 триллионға азайттық. Бюджеттің өз табысын 3,7 триллионға ұлғайттық.

Смайыловтың Жоғары палатаға жиі жолы түсе бермейтіндіктен болар, депутаттар үкімет басшысына жиналып қалған сұрақтарын жаудырды. Депутат Петр Ершов шахталардағы қайғылы жағдайлардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Сенатор «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы басшыларын тезге салуды сұрап отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл компанияға көмір өндіру жөніндегі жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа алғаш рет жыл сайын кемінде 150 миллиард теңге көлеміндегі инвестицияны көмір өндірісін жаңғыртуға салу қажеттігі туралы қосымша талап жаздық. Сонымен қатар көмір қатпарын газдандыруға 7 миллиард теңге салады. Бұрын мұндай болған емес.

Премьер бюджет тақырыбын талқылап болғаннан кейін дәлізге шығып, журналистермен сұхбаттасты. «Экономика ахуалы құбылып тұрғанына қарамастан, инфляция келер жылдың басында тұрақталады», - дейді Әлихан Смайылов. Осы орайда ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының үстемесі 15 пайыздан асырмау міндеті қойылғанын да еске салды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде