Бақытгүл Хаменова сот залынан бірден үйіне кетті
Атырау қаласының соты бүгін Бақытгүл Хаменоваға үкім кесті. Тек облыс әкімінің бұрынғы орынбасары кесілген 7 жылды кейін өтейтін болады. Сондықтан бүгін сот залынан бірден үйіне кетті.
Автор: Жанат Молдашова
15.11.2022
Судья оның буыны қатпаған жас балалары барын ескерген. Бірақ осы жемқорлық ісіне қатысы бар басқалары Хаменова сияқты жеңілдік алған жоқ. 4 пен 7 жыл арасында жаза арқалаған кәсіпкер және Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысының қолына сот залында кісен салынды.
Абай ескерткішіне бөлінген ақшаның бір бөлігін пара ретінде алды деп айыпталып 11 ай бойы тергеу абақтысында отырған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға үкім шықты. Төрт айға созылған бұл қылмыстық іс қоғамдық резонанс туғазыған еді. Бүгінгі соңғы сотта судья экс-шенеунікті жеті жылға бас бостандығынан айырды. Алайда кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, жазаны өтеу мерзімі 3 жылға шегерілді.
Жұмағали Тәшімов, Атырау қаласы №2 сотының судьясы:
- Сот Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызын кінәлі деп танып, ҚК 36бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырады. Жеңілдетілген мәнжай ретінде сотталушының жас балалары барын ескеріп, ҚК 74-бабының 1-тармағы бойынша жазасы үш жылға кейінге қалдырылады. Сондықтан сотталушы сот залынан босатылсын.
Бүгін босатылып, үйіне оралған Хаменова енді өмір бойына мемлекеттік қызметке жолай алмайды. Сондай-ақ судья оны «Құрмет» орденінен айыру туралы президент атынан ұсыныс енгізді. Ал осы қылмысқа қатысы бар Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға , мемлекеттік тапсырыс аларда шенеуніктерге пара ұсынған «Балқыту» серіктесігінің директоры Өміртай Адамов 4 жылға сотталды. Екеуін де күзет сот процесі аяқталысымен алып кетті. Десе де сот залынан босап шыққан Бақытгүл Хаменова бүгінгі шешімімен келіспейтінін айтты. Сондықтан өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін апелляциялық алқаға жүгініп, ақталып шығуға бар күшін салмақшы.
Бақытгүл Хаменова, сотталушы:
- Мен бұл шешіммен келіспеймін. 11 ай бойы тар қапаста жатқанда ақиқатты айтып, шындықты сөйлеп, осымен күрестім. Күресе де беремін. Адвокатыммен, қаумалаған елмен. Сондықтан аққа Құдай жақ, осы сәтті пайдалана отырып, шибөрідей шулаған тобырдың ғайбатына емес, шындықты айтып шырылдаған, дерек пен дәйекке сенген БАҚ өкілдеріне журналистерге, блогерлерге, еліма, халқыма , анама келіп жылы сөзін айтып жатқан қаймана қазаққа рахметімді айтамын.
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке 4,5 миллион теңге пара алды деген айып тағылды. Олар Атырау қаласына Абай ескерткішін орнатуда мемлекеттік сатып алу шартын жасау үшін кәсіпкерден ақша алған деген күдікпен қамауға алынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!