Таразда қатты дауылдан мектептер мен балабақшалар жұмысын тоқтатты
Таразда соққан дауылдан білім ошақтары мен балабақшалар жұмысын тоқтатты. Секундына 28 метрге дейін болған екіпінді желден секем алған билік өкілдері осындай қадамға баруға мәжбүр болған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.11.2022
Кеше қас қарая басталған жел түні бойы тоқтамады. Тек таңға жуық сәл басылғандай болды. Бірақ сонда да білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер шәкірт қабылдамады. Екінші аусымдағы оқушылар да сабаққа барған жоқ. Долы дауыл кесірін тигізбей қоймады. Электр сымдары үзіліп, ондаған үй жарықсыз отыр. Сондай-ақ екі көпқабатты үй шатырының бір бөлігін жел ұшырып, төбе жабындысы ауладағы екі көлікті басып қалды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Тұңғыш президент саябағында ілулі тұрған көк байрақ та желге шыдас бермей жыртылып қалды. Қазір осының бәрі қалпына келтіріліп жатыр.
Нұрбол Қалдыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Істен шыққан бағдаршамның бәрі қалпына келтірілді. Жарықтың болмауынан кейбірі істемей тұр. Жедел мәліметте 16 тал құлады. 11 тазалап алып тастаған деп отыр. Қалғаны қазір жұмыс істеліп жатыр. Үш тал кесу бригадасы жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!