Әлихан Смайылов: «Аймақтар азық-түлік бағасын әлі реттей алмай отыр»
Жыл аяғында бағаны бақылауда ұстау керек. Премьер-министр әкімдіктерге осындай тапсырма берді. Облыс басшыларының жұмысын сынға алған Смайылов ақжағалылар аймақтарда азық-түлік бағасын әлі күнге дейін реттей алмай отыр дейді.
Автор: Айғаным Достанбай
15.11.2022
Ал бұл инфляцияның өсіміне әсер ететін негізгі фактор боп тұр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Биыл қазан айында инфляция өсімі жеделдеді. Бұл процеске азықтүлік, тауарлар бағасының өсуі айтарлықтай әсер етіп отыр. Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Жыл соңына дейін екі айдан аз уақыт қалды. Сондықтан барлық жобаны аяқтауға және жоспарларды іске асыруға, бюджетті тиімді игеруге күш салу қажет.
Жаңа жыл қарсаңында кей тауардың бағасы шарықтайтыны белгілі. Мандарин келісінің 1800-2500 теңге аралығында сатылуына қарап-ақ, жылдағы үрдіс биыл да қайталанатын секілді. Ұлттық экономика министрі бұны уақытша жағдай деп отыр.
Әлібек Қуантыровтың сөзінше, тұрғындар аз мөлшерде тұтынатын тауарлардың бағасы өсуі мүмкін. Бірақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құны тұрақты болуын қамтамасыз етеміз деп сендірді министр.
Әлібек Қуантыров ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Мандарин деп отырғаныңыз, негізгі тұтыну тауары болып есептелмейді. Біріншіден, мандарин инфляцияның есебін қалыптастыратын 550-ден астам азық-түлік түрінің тізімінде бар-жоғын айта алмаймын. Адамдар аз мөлшерде сатып алатын мыңдаған өнімнің түрі бар, түсінесіз бе? Олардың бағасы базалық тұтыну тауарларының бағасына әсері болмайды. Ең бастысы, негізгі өнімдердің бағасының тұрақты болуын қамтамасыз ету қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!