Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Алматыны дамытудың 6 басымдығы
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесті. Президент қаланы дамытудың алты басымдығын айқындады. Тұрғын-үй құрылысы, жол-көлік жүйесі, экология, әлеуметтік инфрақұрылым мен қауіпсіздік саласындағы мәселелерді көтерген президент нақты тапсырмалар берді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
16.11.2022
Әсіресе, көптің көкейінде жүрген баспана тапшылығына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттырамыз деп жағымды жаңалық айтты.
Алматы. Тәуелсіз Қазақстанның қазығы қағылған қала. Елдің болашағын айқындаған талай тағдырлы оқиғаның куәгері. Бұл күні республиканың іскерлік, рухани, ғылыми және туристік орталығы. Дегенмен түйіні тарқамаған, қордаланған мәселесі көп. Оңтүстік мегаполиске арнайы сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның бәрін жұртшылықпен жолыққанда жіпке тізді. Ретімен баяндасақ.
Сағаттап кептелісте тұруға бұл жақты мекен еткендердің еті өліп кеткен. Күнделікті Алматы көшелерінде орташа 700 мың көлік жүреді. Жолақтың аздығы, жолдың тарлығы сайып келгенде жұмысқа барып-қайтқан жолаушыны жүнжітеді. Орталықта ине шаншар орын қалдырмай салына берген ғимараттар да осы проблеманың бастауында тұр. Президент қала бетоннан салынған орманға айналмауы тиіс деп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Ғимараттар бі-біріне өте тығыз орналасқан. Жолдарда кептеліс көп. Сондайақ шеткері аудандардың дамуы тым кенже қалып отыр. Әлеуметтік нысан жетіспейді. Жұрт серуенге баратын саябақ тапшы. Негізінен жер үйлер көп салынған. Тіпті қыс айларында қара түтін қаптайды. Азаматтардың демалысын пайдалы өткізетін қоғамдық орын аз. Көлік және инженерлік инфрақұрылым да жеткіліксіз. Әкімдіктің басты міндетінің бірі – орталық пен шеттегі аудандардың арасында пайда болған осы теңсіздікті жою.
Президент пәрмен берген әкімдіктің келесі міндеті – миллионды мегаполисте пәтер проблемасын шешу. Алматыға арман қуып бір шабаданмен келген жастарға бір баспананың қолжетімсіз болуы үнсіз басын шұлғып, көзін жұматын мәселе емес. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет екенін айтты. Шаһарда 1500 ескі үй бар. Жаңғыртуға келмейтінін сүру арқылы, осы мәселені шешуге нақты тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ солай екен деп, еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жанжақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
Тұрғын үй салынған күннің өзінде мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік нысандарды о бастан жақын шоғырландыру мәселесі ақсап тұр. Соның салдарынан тұрғындар алысқа сабылады. Емхана дегеннен шығады. Көбі ескірген. Бұл проблема да президенттің назарынан тыс қалмады. Одан бөлек, мұнда ағылған адамдардың жылда көбеюі балабақша мен мектептерде орын тапшылығын туғызады. Мемлекет басшысы әкімдікке 2025 жылға дейін осы мәселені бір жақты ету керек екенін қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын.
Алматы тау баурайында орын тепкендіктен, сейсмикалық қауіп сейілмейді. Сақтықта қорлық жоқ. Соңғы технологияларды ендіру уақыт талабы. Президент 2025 жылдың аяғына дейін 28 сейсмостанция орнатуды тапсырды. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Алматыны дамытудың 6 басымдығының негізгі тізбегі осы.
Экология мәселесі де басты назарда болмақ. 2025 жылға дейін Алматы көшесінде дизельмен жүретін автобус қалмайды. Қосымша айналма жолдардың құрылысы аяқталса, қаланы басып өтетін транзитті көліктер сол жаққа ойысады. Осылайша,түтін құрсауында тұрып жатқан тұрғындардың тынысы кеңеюі мүмкін. Қарашаның бел ортасында жасаған президенттің бұл сапары Алматының жаңа жыл алдындағы жаңа бағытын айқындады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!