Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің авторларына алғыс айтты
Тау тұлға тұғырына қонды! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін ашты. Мемлекет басшысы ұлт ұстазының еліміздің тарихындағы алатын орны мен ғасырға татитын еңбегін ерекше атады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
16.11.2022
Мүсіні қоладан, тұғыры тұтас граниттен жасалған ескерткіштің сапасы мемлекет басшысының көңілінен шықты. Президент авторларға алғысын айтып, «Алаш қайраткерін ұлықтау аса маңызды» деді. Қазақтың төл әліпбиін құрастырып, халқымызға қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсағаған ағартушы-ғалымның ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан кейін президент ұлт ұстазының мұражай үйіне бас сұғып, жаңартылған экспозициялармен танысты.
Биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Мерейтой елімізде және ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов "Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды" деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлының ұрпаққа аманат еткен мол мұрасы – қазақтың баға жетпес асыл қазынасы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!