Ғалымдар: Маңғыстау брендімен оның туризмін дамытуға болады
«Маңғыстау - Ұлы жібек жолының 2000 жылдық тұмса тарихы» брендімен мұнайлы аймақтың туризмін дамытуға болады. Бүгін Ақтауда өткен «Тарих толқынындағы Маңғыстау» халықаралық ғылыми конференциясында ғалымдар осылай деді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
16.11.2022
Отырыста ашық аспан астындағы өлкеде табылған тарихи мұраларды антропоген, техноге, табиғи құбылыстардан қорғау жөніндегі мәселелер көтерілді.
Ғалымдар көбіне далалық жерлердегі көне қалашық орнында, қорғандар мен тарихи ескерткіштердің маңында алтын мен темір-терсек жинаушылар қазып, бүлдіріп кететіндерді қатаң жазалау қажеттігін айтады. Қатысушылар ежелден қалған көне мұраларға көзіміздің қарашығындай қарамасақ, құнды жәдігерлерден айырылып қалуымыз мүмкін деп дабыл қағып отыр. Ғалымдардың айтуынша, Қазақстандағы ескерткіштердің 35-40 пайызы Маңғыстауда орналасқан. Өңірде археолог маман да тапшы. Сондықтан осы мамандыққа да жастарды тарту мәселесі алқалы жиында сөз болды.
Қазіргі таңда облысымызда республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне 20 нысан енгізілген. Олардың 16-сы – тарихи кешен. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде облыс бойынша 570 нысан бар. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия мемлекеттерінен ғалымдар, ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлерi қатысты.
Елдос Еміл, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры:
- Осы жерде қорытындыланып, қарары қаралып, бұл Үкіметке, жоғары жаққа жетіп, біздің тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау, қорғау мәселелері заңнамалық тұрғыда жұмыс жүреді ғой деп ойлаймын. Әзірбайжаннан, Түркиядан, Ресейден, Өзбекстаннан келген ғалымдар бар. Жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Себебі, біздің даламызда тарихи-мәдени есерткіш өте көп. Бірақ қорғау, сақтау мәселелеріне келген уақытта қаржы жағынан болсын, заңнамалық жағынан болсын, оны қорғау керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!