Қасым-Жомарт Тоқаев: Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек ...
Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Бұдан халық әбден титықтап қажыды. Ел президенті қаңтар оқиғасының себебін осылай деп түсіндірді. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік әділетсіздіктің соңы қанды оқиғаға ұласты дейді Мемлекет басшысы.
Автор: Әзиза Төленби
16.11.2022
Алайда әдейі отқа май құйып, ел ішіне іріткі салған қарақшылар тобы болғаны да белгілі. Олар Қаңтардың алдында ел ішінде қаңқу сөз таратып, үгіттеп, жағдай ушыққан сәтте өздері тығылып қалды дейді президент.
Сондықтан Қасым- Жомарт Тоқаев бейбіт шерушілер мен пиғылы жамандардың қанды қылмысын ажыратуды шегелеп тапсырды. Мемлекетке қастандық ойлағандар лайықты жазасын алу керек деп есептейді президент. Кейбір топ арандатушыларды, бұзақыларды халық арасына әдейі жіберді дейді мемлекет басшысы. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ару Алматыны қарақшылардың ойранына бермей қорғап қалған халыққа алғысын жеткізді. Әскерилерге ыстық тамақ пен шай тасыған еріктілердің еңбегін нағыз батырлыққа теңеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бейбіт шерулердің себебі бір бөлек. Ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл түсінікті жайт. Алайда қылмыскерлердің көздегені басқа еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары