Қайырымдылық: Әйгілі Хибла Герзмава Алматыда ән кешін өткізді
Жаңа ашылған Алматы театрында әлемге әйгілі опера әншісі Хибла Герзмава алғаш рет ән кешін өткізді. Мұндай айтулы оқиғаға ең басты себеп – игі іс жасау. Яғни концерттің негізгі мақсаты – елімізде көмекке мұқтаж балаларға қол ұшын созу.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.11.2022
Күміс көмей әнші кештен жиналған қаражатты Атырау қаласында салынып жатқан жедел балалар хирургиясы бөлімінің құрылысына аударамақшы.
Хибла Герзмава ең жоғарғы ноталарды еркін айта алатын Ресейдің опера әншісі. Ол осы уақытқа дейін әлем сахналарында өнер көрсеткен. Яғни Лондондағы Ковент-Гарденнен бастап, Нью-Йорктегі Метрополитен, Вена мемлекеттік операсында, Миланның Ла-Скаласында, Мариинский театрында күміс көмейімен талайды таңдай қақтырған. Енді Алматыда Италия классикасының жауһарларын паш етті.
Хибла Герзмава, Ресей халық әртісі:
- Бұл ән кешіне ерекше дайындықпен келдім. Қазақ елінде кәсіби, мықты оркестрмен ән шырқайтыныма қуаныштымын. Сондайақ титтей де болсын қайырымдылыққа өз үлесімді қоса алатыныма бақыттымын. Қолыңнан келсе, жақсылық жасағанға не жетсін! Ал өнерімнің бағасын келген қонақтар бере жатар.
Хибла Герзмава Чайковский атындағы халықаралық байқаудың бас жүлдесін ең алғаш болып жеңіп алған әйел вокалист. Сол жеңіс оның шығармашылықта биік шыңға шығуына сеп болыпты. Содан бері әнші бұлбұл дауысымен әр кешінде құлақ құрышын қандырып, тыңдарманын тәнті етуін тоқтатқан емес. Алатау баурайындағы концерті де 3D форматында ерекше шоу түрінде өтті. Қойылымды 65 музыканттан тұратын «Астана балет» театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Оған белгілі дирижер Арман Оразғалиев жетекшілік етті. Сондай-ақ ұйымдастырушылар көрермендердің көбі шетелден келгенін айтады.
Лелио Гавацца, зергер бұйымдар брендінің вице-президенті:
- Қазақстанға келмегеніме біраз уақыт болыпты. Оның арасында пандемияға байланысты да локдаун кесірін тигізді. Алматы ғажайып қала, маған қатты ұнайды. Бүгін біздің мұнда жиналуымыздың ең басты себебі – қайырымды іс жасау. Өйткені жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осыған орай әлемге танымал опера әншісі де ат салысып, бізді қолдауға өз келісімін берді. Ән – көңілдің ажары болып қана қоймай, игі істің қайнар бұлағы болмақ. Бұл әрине қуанарлық жағдай.
Ұйымдастырушылар ән кешінен жиналған бар қаражатты Атырауда салынатын балалардың жедел хирургиясы бөлімінің құрылысына жұмсайды. Мұндай орталық бүгінде Алматы, Семей, Ақтау және Петропавл қалаларында бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!