Қасым-Жомарт Тоқаев: Әлемдегі геосаяси жағдайда Қазақстанның ұстанымы қандай?
Үкіметтің таратылуы міндет емес. Десе де министрлер кабинетінде нақты өзгерістер болады. Халықтық коалиция атынан сайлауға түсіп жатқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.
Автор: Елдос Есенбол
20.11.2022
Мемлекет басшысы көппен бірге учаскеге барып өз таңдауын жасады. Президент осы сайлаудан кейін жыл соңына қарай Парламент сайлауына қатысты да арнайы мәлімдеме жасамақ. Бас қаладағы бүгінгі саяси науқан барысын тілшіміз Елдос Есенбол толығырақ айтуға дайын.
Кезектен тыс президент сайлауында 12 миллионға жуық ел азаматы өз таңдауын жасайды. Әр өңірде саяси бәсеке қызғанымен, дәстүр бойынша көптің назары ел жүрегі елордада. Таңмен таласа тұрып мұндағы оқушылар сарайында халықтық коалиция атынан додаға түскен Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді. Мемлекет басшысы көппен бірге өз таңдауын жасады.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев аялдап тілшілер сауалына жауап берді. Саяси реформаларды жалғастыру керек, әйтпесе тоқырау болады деді президент. Сайлаудан кейін Үкіметті толық өзгерту міндет емес деп те шегелеп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Заң бойынша, президенттік сайлаудан кейін үкіметке отставкаға кетудің қажеті жоқ. Бұл парламенттік сайлаудан кейін міндетті түрде жасалады. Парламенттік сайлауды өткізу мерзіміне келетін болсақ, жыл соңында Мен бұл туралы арнайы мәлімдеме жасаймын. Сондықтан Үкімет жұмыс істейді, бірақ басқа ведомстволардағыдай Үкімет құрамындағы нақты өзгерістер, әрине, жүзеге асырылады.
Күрең күздің ауа райындай мың құбылған әлемдегі геосаяси жағдайда Қазақстанның ұстанымы қандай болуы керек? Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұраққа былай жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Біздің экономикамызға 300 млрд доллардан астам қаражат тартылғанын, нарықта ірі трансұлттық әлемдік компаниялар жұмыс істейтінін ескере отырып, біз жай ғана көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізуге міндеттіміз. Мен Қазақстан БҰҰ Жарғысына адал болып, бейбіт сыртқы саясат жүргізуі тиіс екенін бірнеше рет айттым. Біз мұны жасаймыз.
Президент саяси додағы қарсыластарын үгіт-насихат жұмыстарынан кейін кеңірек танығанын, бәрі де мемлекет өркендеуіне үлес қосар азаматтар екенін атады. Сондай-ақ өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жыл мерзімнің мемлекет басшысы үшін жоспарын жүзеге асыруға жеткілікті екенін айтты. Бастысы, елде монополия болмауы керек. Оған қатаң тыйым салынады.
Айта кетейік биылдың жаңалығы бұл сайлаудан кейін республика президенті жеті жылға тек бір рет сайланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!