«Теңіз», «Қашаған» мұнайшылары дауыс беруде белсенділік танытты
Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» кен орындарындағы мұнайшылар да дауыс берді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін 40 мыңға тарта азамат өз таңдауын жасау үшін 44 көшпелі дауыс беру жәшігі ұйымдастырылған.
Автор: Жанат Молдашова
20.11.2022
Алтынбек Құлмұратов, мұнайшы:
- Өзімнің азаматтық дауысымды беріп келдім. Бәрі де жоғары деңгейде болып жатыр. Өз жұмыстастарым да Қазақстан президентін таңдауда дауыс беріп кетті.
«Теңіз» кен орнында жұмыс істейтін мұнайшылар өте белсенді. Сондықтан вахта қалашығына сайлау комиссиясының 22 мүшесі аттанған. Кен орында дауыс беруге 14 мың азамат алдын ала өтініш берген. Түске дейін олардың 40 пайызы дауыс берді.
Ал «Қашаған» кен орнында төрт сайлау учаскесі құрылған. Оның үшеуі құрлықта, біреуі теңіз кешенінде. Өңірде ауа райы қолайсыз болған соң, теңіздегі мұнайшыларға дауыс беру жәшігі тікұшақпен емес, кемемен жеткізіліпті.
Азамат Айманақұмов, Атырау облысы аумағы сайлау комиссиясының төрағасы:
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты су транспорты пайдаланылды.Қазір «Қашаған» кен орнындағы тізімге енген өтінішіне сәйкес 286 сайлаушы енгізілді. Осы дауыстарды алуды ұйымдастыруды Атырау уақытымен 17.00-де аяқтаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!