Ақмола облысындағы жылқышылар қос басында дауыс берді
Ақмола облысында ақ қар, көк мұзға қарамай жылқы бағып қыстақта жүрген азаматтар қос басында дауыс берді. Қамбар ата түлігін ит-құстан, ұры-қарыдан аман сақтау үшін ауылына аптасына бір рет қатынайтын олар сайлаушы құқығынан қағылған жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
20.11.2022
Гүлнар Омарова, №545 сайлау учаскесінің төрайымы:
- Таңертеңнен бері сайлаушылар жақсы келіп жатыр. Және де қоста жүрген жылқышылардың келе алмауына байланысты, олардың құқығын қорғап, екі комиссия мүшесі барайын деп жатыр.Жылжымалы сайлау жәшігі де дайын тұр.
Симферополь ауыл округіндегі сайлау учаскесіне келіп дауыс беруге асыққандар көп. 300-ге тарта түтіні бар ауылдың негізгі күнкөрісі — төрт түлік. Әсіресе сырттағы малына алаңдайтын ауылдағы ағайынға Қамбар ата түлігінің амандығы керек. Сондықтан жылқышылардың да жайын алдын ала ойластырыпты. Комиссия мүшелері бюллетень жәшігін алып қос басына аттанды.
Ат үстінде көк байрақты желбіретіп жайылымға дейін атойлап жеткен ауыл азаматтары саяси науқанды мерекеге айналдырды. Алдындағы үйір-үйір жылқысын тебіндетіп жайып жүрген жылқышыларға бұл күтпеген сәт болды. Елмен бірге ел Президентін мүлгіген орман мен қарға оранған қыстақта таңдаймыз деп ойламаппыз дейді жылқышылар.
Сәулембек Қиянбекұлы, жылқышы:
- Мен жылқышымын. Көптен елдің жылқысын бағам.Елдің кішкене мақтанышымын. Осы малды абыроймен бағып жүрміз.Міне, қостың басына әкеліп дауыс беріп жатырмыз. Бұл да енді малшыларды жұмысшы халықты сыйлағандығы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!