Алматылықтардың саяси белсенділігі неге төмендеп барады?
Миллионды мегаполис Алматы тұрғындардың саяси белсенділігі әр сайлау сайын төмендеп барады. Неліктен? Ал жаңадан құрылған Ұлытау мен Абай облыстарында жағдай керісінше. Сайлау учаскесіне барып бюллетень алғандардың саны жағынан басқа облыстағылармен салыстырғанда алдыңғы қатарда. Оны сарапшылар қалай түсіндіреді?
Автор: Асқарбек Қазанғап
21.11.2022
Елімізде талай статистиканың алдын бермейтін Алматы неге сайлауға келгенде көш соңында қалады? 2019 жылғы президент сайлауында тұрғындардың 52 пайызы ғана дауыс беруге барған. Бұл жолғы статистика одан да сорақы. Бар-жоғы 28,72 пайыз алматылық азаматтық борышын орындаған.
Орталық сайлау комиссиясы оңтүстік астанада 1 миллион 176 мың азамат дауыс беруге құқылы екенін айтты. Олар үшін 600, ал тіркеуі жоқ алматылықтарға қосымша 55 учаске жұмыс істеді. Бірақ көңіл көншіткен көрсеткіш болмады? Неге?
Саясаттанушы Мақсат Жақау мұндағы 75 пайыз контингент жеке секторда екенін айтады. Яғни халықтың дені кәсіппен айналысады, үкіметтік емес ұйымдар көп. Сайып келгенде Алматыда протестік электорат көзқарастың қалыптасуына олардың да әсері бар дейді.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Бұл жерде ойлану керек, контингенттің 75 пайызы жеке секторда болатын болса, бір жағынан, олар өз әлеуметтік жағдайы дұрыс болуы мүмкін. Екінші жағынан, сөзсіз, билік өзінің сөзінде әлі тұрған жоқ деуі де мүмкін. Ал негізгі 79-85 пайызы протестік электорат сақталып отыр. Осыны біз шындықпен мойындауымыз керек. Президент кеше коалиция форумының сөзінде деайтты ғой, «біз шындықпен жұмыс істеуіміз керек, шындықты мойындаған кезде кемшіліктерді жоя бастаймыз» деді. Барынша қоғамда ашық айтылуы керек және сол ашық айтылған сөздермен жұмыс істеу керек.
Биыл жаңа құрылған үш облыстың тұрғындары белсенділігімен ерекшеленді. Ұлытау облысында халықтың — 75, Абай облысында — 80, Жетісу облысында 81 пайызы осы науқанда азаматтық үн қосқан.
Әсіресе Абай облысында сайлауға дейін де, енді кейін де «не өзгереді» деген сұрақ қызу талқыға түскен. Жасы да, егдесі де бірінші кезекте өз өңірінің өзгеріп, өркендеуі үшін дауыс берген. Аймақтың гүлденуі — ел дамуының көрсеткіші дейді.
- Осы жолы жастардың белсенділігі өте жоғары болды. Енді оған не әсер етті деген сауал туындауы мүмкін. Менің түсінігім бойынша, Абай елі, оның халқы мемлекет қомқорлығын, оның ақниетін тісініп, ой-өрісінен өткізіп, оны мемлекет басшысын сайлағанда көрсетті.
- Бұл демократияға дайын халық екенін, мүмкіндік берсе, мемлекетті дамыта алатынын көрсетті. Сондықтан көп адам сайлауға келіп қатысты. Ешкім оларды күштеп әкелген жоқ. Рас қой. Соның бәрінде сайлауға барғанда, сайлауға қатысу мәдинеті еуропалық деңгейде екенін көрсетті.
- Мен алғаш рет дауыс бердім. Әрине, еліміздің ертеңі жастар. Сол себепті жастар сайлаудың маңыздылығын түсіне отырып дауыс бердік. Енді Жаңа Қазақстаннан зор үміт күтеміз.
Сарапшылар жаңадан құрылған облыстардың жоғары көрсеткіш беруі заңдылық дейді. Өз алдына еншісін алып бөлек шығуы аймақтың тіршілігіне қан жүгіртіп, халық сенімін оятқан.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Облыс статусына ие болғандықтан, ризалығы да бар, оны мойындауымыз керек. Аймаққа қатысты дұрыс шешім қабылданғаны туралы. Осы ретпен де билік барынша көзқарасы дұрысталды және біз көптен бері күтіп жүрген облыс мәртебесіне жеттік және біз облыс деңгейінде де әлеуметтік жағдайымыз дұрысталады деген көзқарас болады. Оны да мойындауымыз керек. Сондықтан бұл жерде олар күткен көзқарасы орындалып отыр, дауыс солай жиналып отыр.
Әлем назары ауған саяси науқан да аяқталды. Дауыс берген де, қалыс қалған да азамат алдағы жеті жылда жаңа өзгерістер күтеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!