Президентті ұлықтау бюджетке айтарлықтай салмақ салмайды
Бүгін кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланды. Орталық сайлау комиссия бұл жолы бюллетень санауды ұзаққа созған жоқ. Ресми мәліметке сәйкес, халықтық коалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беруге келген сайлаушылардың 81,31 % қолдауына ие болған.
Автор: Айғаным Достанбай
22.11.2022
Ал жаңа сайланған президентті ұлықтау рәсімі алдағы сенбіге белгіленді.
Орталық сайлау комиссиясындағы 28-ші отырыс. Бұл жолғы жиынның жөні бөлек. Ақпарат құралдары өкілдерін таңнан жинап алып, жексенбі күнгі кезектен тыс президентті сайлау қорытындысын хабарлады. Қарақат Әбденге 206 дауыс қосылғанын айтпағанда, сандардың алдын ала нәтижеде айтылған көрсеткішінен үлкен айырмашылығы жоқ.
Қарақат Әбден - 206 206 дауыс немесе 2,6 пайыз;
Нұрлан Әуесбаев - 176 116 дауыс немесе 2,22 пайыз;
Жигули Дайрабаев - 271 641 дауыс немесе 3,42 пайыз;
Мейрам Қажыкен - 200 907 дауыс немесе 2,53 пайыз;
Қасым-Жомарт Тоқаев - 6 456 392 дауыс немесе 81,31 пайыз;
Салтанат Тұрсынбекова - 168 731 дауыс немесе 2,12 пайыз дауыс
Осылайша халық коалициясы атынан ұсынылған қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде 7 жыл мерзімге президент болып сайланды. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулыны қабылдады.
Нұрлан Әбдіров, ОСК төрағасы:
- ҚР «Сайлау туралы» конституция заңының 9бабының бірінші тармағына, 65-бабына сәйкес, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50 пайызынан астам дауысын алған кандидат Республика Президенті болып саналады. Осылайша 2022 жылғы 22 қарашадағы кезектен тыс сайлауда ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Президенті болып сайланды.
Сайлау өтті, соңғы нәтиже жарияланды. Енді алда президентті ұлықтау міндеті тұр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ант қабылдау рәсімі 26 қараша, яғни алдағы сенбі күні Тәуелсіздік сарайында өтеді. Салтанатты шара бюджетке айтарлықтай салмақ салмайды деді бүгін қаржы министрі.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Президентті ұлықтауға бюджеттен қосымша қаражат бөлген жоқпыз. Ұлықтау – Президенттің ресми түрде Конституция заңымен лауазымға өтуіне байланысты ант беруі. Оған көп қаражат кетепейді деп ойлаймын. Сондықтан оған біздің тарапымыздан көп қаражат бөлінбейді.
26 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға қолын қойып, ант бергеннен кейін әділдік идеясына негізделген сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға кіріседі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент сайлауы осымен жетінші рет өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!