Шетел көліктері қашан, қандай талаппен тіркеледі
Шетел көліктерін тіркеудің бірретік төлемі 200 мың теңге болып бекітілді. Арнайы заң жобасын бүгін Сенат бекітті. Енді Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін, 1 қыркүйекке дейін ел аумағына кірген көліктер заңдастырыла бастайды. ІІМ шетел көліктерін тіркеудің барынша қарапайым жолын қарастырып жатырмыз дейді.
Автор: Айғаным Достанбай
24.11.2022
Десе де, процесс әлі де пысықталуда. Шетел көліктері қашан, қандай талап бойынша тіркеледі?
Шетелден әкелінген көліктердің жыры дастанға айналғалы қашан ... Елден біржола шығарып тастаймыз деді. Уақытша тіркеуге қоямыз деді. Не керек, жауапты ведомстволар бір тоқтамға келе алмай, екі жылдан бері созбаққа салған.
Астаналық Ержан Наурызбеков қазақстандық көлікке қалтасы көтермеген соң, астындағы темір тұлпарын Армениядан аттай қалап алдырған.
Ержан Наурызбеков, Астана тұрғыны:
- Менің көлігім 2004 жылғы. Бірақ сапасына қарап, барлығы 2015-16 жылғы деп ойлайды. Төрт миллионға сатып алдым. Мұндай сомаға Қазақстанда ескі көлікті де ала алмайсың.
Ержан сияқты мыңдаған жүргізушілердің жанайқайына құлақ асқан президент биыл күздегі жолдауында ішкі істер министрлігіне мәселені шешіңдер деп тапсырған-ды. Тіркеу құнын утилизация алымымен қоса есептегенде, 200-250 мың теңгеден асырмауды да міндеттеген. Бүгін Сенат бекіткен Салық кодексіне осы өзгеріс енгізілді. Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру 200 мың теңге деп көрсетілген.
Ғұмар Дүйсембаев, Сенат депутаты:
- 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру мақсатында алғашқы тіркегеніне бірыңғай алымды белгілеу, 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды. Сондайақ осы автомобильдер бойынша көлік құралдарына салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады.
Сол жағалауда қабылданған заң жобасы оң жағалауда күйбең тірліктің қамымен жүргендерге бірден жете қойған жоқ. Хадай Мұнтахап көлігін заңдастырмай, Үкіметтің оң шешіміне дәмеленіп жүргендердің бірі. Осыдан екі жыл бұрын көлігін тіркеуге 3 миллион сұраған екен. Ақжолтай хабарды бізден естіп, бір марқайып қалды.
Хадай Мұнтахап, Астана тұрғыны:
- Құдайға шүкір, соған да. Миллионға қарағанда, шүкір. Қалта көтереді. Қазақстандық нөмірлі көлікті қалта көтермеді. Ақша жоқ. Арзандау деп, көрімдеу деп алғанымыз ғой. Көлік сапасына қарап алдық.
Десе де шетелден әкелінген көліктің бәріне бірдей ақ нөмір берілмейді. Мәселен, кеден рәсімінен өтпеген, тиісті тіркеу құжаты жоқтар, сондай-ақ...
Алмас Дүйсембай, авто-сарапшы:
- Іздеуде жүрген көлік, рөлі оң жағындағы автокөлік біздің заңға сәйкес келмейді. Сондықтан олар, әрине, тіркелмейді. Негізінде бұл шара халық үшін, автокөлік иесі үшін өте жақсы жеңілдік деп санаймын.
Заңның қабылданғаны – бүгін. Енді Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі. Ал ішкі істер министрлігі тіркеу процесінің нобайын әзірлеу үстіндеміз дейді. Ведомство автокөлікті заңдастыруға өтінішті онлайн түрде беру мәселесін пысықтап жатыр. Сондай-ақ жауаптылар қазірден бастап дүрлігудің қажеті жоқ екенін еске салды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!