Өзбекстан азаматтары қарағандылық студентті ұрлап, ақша бопсалаған
Қарағандыда медицина университетінің студентін ұрлап ақша бопсалаған Өзбекстан азаматтары ұсталды. Олар Үндістаннан келген студенттің өмірі үшін жақындарынан 200 мың доллар талап еткен.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
24.11.2022
Бұл қылмыс шытырман оқиғаға толы фильмнің дайын сценариі сияқты. Үндістандық студентті өздері шетелден нәпақа табуға келгендер ұстап, байлап, көлікке салып Астанаға әкеткен. Онда жалдамалы пәтерге қамап, жақындарына қоңырау шалдырыпты. Күдіктілер студенттің өмірін 200 мың долларға бағалаған. Бірақ әлгілер тәтті ұйқыға кеткенде кепілге алынған азамат пәтерден қашып шығыпты. Бірақ астаналық тәртіп сақшыларына емес, Қарағандыға жеткен соң ғана полицияға шағымданған. Бірден елордаға аттанған арнайы жасақ қаннен-қаперсіз пәтерде жүрген күдіктілерді ұстап, қолына кісен салды.
Бақытжан Құдияров Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы:
- Астана қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірі анықталып, ол жерден адам ұрлау және бопсалау фактілеріне қатасы бар деген күдікпен 26 мен 34 жас аралығындағы Өзбекстанның төрт азаматы ұсталды. Қазір аталған дерек бойынша адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру және бопсалау баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!