Сарандағы мектептердің тең жартысы директорсыз қалған – Қарағанды облысы
Қарағанды облысы Саран қаласындағы мектептердің тең жартысы басшысыз қалды. Қала мен оған қарасты Ақтас кентіндегі білім ошақтарында директор міндетін орынбасары атқарып жүр. Ақыры білім сапасы құлдырап, тәрбие жұмысы жайына қалды дейді тұрғындар.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
24.11.2022
Мұндай мәселенің барын білім басқарамасы да жасырмайды. Себебі, директордың айлығы аз болғандықтан, бұл лауазымға қызығатындар аз дейді шенеуніктер.
Сарандағы №1 меткеп-лицейінде ата-аналар жоспардан тыс жиналыс ұйымдастырды. Олар мектепке директор тағайындауды талап етеді. Өйткені мұндағы басшы кабинеті соңғы бір жылдан бері бос тұр. Соның салдарынан оқушылар бетімен кетіп, тәртіп жайына қалған.
Валентина Степанова, Саран қаласының тұрғыны:
- Сарандағы ең мықты мектеп біздікі болатын. Тіпті көршілес Шахтинск қаласынан балаларын әкелетін. Қызым 4-сыныпқа дейін үздік оқушылар қатарында еді. Қазір жылдан-жылға үлгерімі төмендеп бара жатыр. Менің ойымша, басшы болмаған жерде бақылау мен тәртіп болмайды. Білім сапасы төмендеп бара жатқанына бәріміз алаңдаймыз.
Ата-аналардаың айтуынша, мектептерде білім түгілі, тәртіп меселесі де ушыққан. Басшының бақылауы жоғын мектеп табалдырығын аттай сала аңғаруға болады дейді жиналғандар.
Людмила Батулина Саран қаласының тұрғыны:
- Кіреберістегі киім ілгіштегі киімге жауапты адам жоқ. Былықтың көбі содан басталады. Киімін іздегендер сабылып жүр. Екнішіден, мектеп бітіретін сыныптарға қосымша сабақ өтпейді. Білім бағдарламасы арқылы баға қою екі апта кешігіп жататын кез болады.
Білім басқармасындағылар ата-аналар айғайға аттан қосып отыр дейді. Өйткені мектептерде директор міндетін атқарушылар бар. Оларға жүктелген жауапкершілік мол. Ал директор жетіпспеушілігі өңірге таңсық емес. Сарандағы сегіз мектептің төртеуінде басшы жоқ. Себебі, басшы болуға құлықтылар тестілеуден өте алмайды. Біліктілігі бары жалақысын азсынады дейді шенеуніктер.
Бақытгүл Әдекенова, Қарағанды облысы білім басқармасы бастығының орынбасары:
- Мұғалімдердің жалақысы директор мен оның орынбасарларымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ал басшылық қызметтің жауапкершілігі үлкен. Қарамағындағылардың жалақысы көп болған соң, әкімшілік жұмысты тастап мұғалімдікке ауысады.
Білім басқармасында мектеп директорына арналған тест сұрақтарына өзгерту енгізіліп жатыр дейді. Өйткені жалақы өсіргісі келетін директор біліктілігін арттыруы керек. Бірақ тестілеуден өтуде көбі сүрінеді. Сондықтан сұрақтарын сүзгіден өткізіп, олардың қосымша сабақ бергеніне төленетін ақыны көбейту жүйесін енгізіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!