Солтүстіктің құтқарушылары сары аязға дайындалып жатыр
Солтүстіктің құтқарушылары сықырлаған сары аязға дайындалып жатыр. Қызылжар өңірінде төтенше жағдайлар департаменті жаттығу өткізіп, мамандар үсік шалғандарға көмек беру тәсілін үйренуде. Тіпті құтқарушылардың өзі мұзы ойылған тастай суға сүңгуге мәжбүр.
Автор: Жаңалық Ахаш
24.11.2022
Саят Есентеміров, құтқарушы:
- Біз арнайы қысқы костюммен жаттығып жатырмыз. Оның өзі мықты суық тартады. Ал егер адам мұз ойылып кетіп суға кететін болса, бірден тынысы тарылады. Аязды күні қалың киімнен қозғала алмайды. Бар күшін бірден жоғалтады. Ондай сәтте ойлануға мұршасы да болмайды. Бірден батып кетеді.
Құтқарушылар қыста мұз ойылып суға кететіндер сирек болатынын айтады. Керсінше, жыл сайын боранды күні жолға шығып қар құрсауында қалатындар көп. Ақтүтекте адасқанды табу үшін көбіне иісшіл иттердің де көмегіне жүгінеді екен. Былтыр қыста далада қалған 60 адамды ажалдан алып қалыпты. Дер уақытында табылмағанда, үсіп қалар еді дейді. Құтқарушылар мұндай қысқы оқу-жаттығу шынықтыратынын айтады. Алты айға созылатын солтүстік қысында көлік жүргізушілер ескертуді елемейді деп өкпелейді құтқарушылар. Қыс бойы боранды күні қар құрсауында қалған мыңдаған көлікті шығаруға тура келеді.
Серік Наурызбаев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
- Алдын ала тұрғындарға жол жабылатыны, ақтүтек боран болады немесе аяз бен тайғақ туралы ескерту айтып отырамыз. Бірақ облыс тұрғындары мен қонақтары әдетті мұндай ескертуге мән бермейді. Өз өмірін қауіпке итермелейді. Сондықтан қыста жолға шығарда сақ болып, біздің хабарламаларға бейжай қарамаса екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!