{metadescription}
Енді үй кезегіне тіркеумен банк айналысады
Енді үй кезегіне тіркеумен банк айналысады

Енді үй кезегіне тіркеумен банк айналысады

Енді үй кезегіне әкімдік тіркемейді. Мұнымен банк айналыспақ. Жергілікті билік органдарының үй кезегіне тіркеу құзыреті «Отбасы банкке» толығымен беріледі. Ал банк он жылдап кезекте сарылып тұрған адамдардың тарихын қайта қарайды. Бірақ бұл бастамаға сенаторлар күмәнмен қарап отыр.

Өйткені кезек саны тіпті көбейіп кете ме деп қорқады. Бүгін Парламенттің жоғарғы палатасында аталмыш мәселе жан-жақты талқыланды. «Отбасы банк» кімдерге жеңіл несие бермекші? Ал қай топ жеңілдіктен айырылады?

Толық емес отбасы екі пайызбен үй алу мүмкіндігінен қағылды. Енді банк те, Үкімет те бұл тақырыпқа қайта оралмайды. Жауапты органдар мемлекет жеңілдігін пайдалану үшін қағаз жүзінде ажырасудың көбейіп кетуін осылай тыяды. Күздің басында бұл мәселені көтеріп арнамызға Алматы, Астанадан жалғызбасты аналар келген. Оларға үкіметтің енді басқа ұсынысы бар.

Еркебұлан Дауылбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылым даму министрінің орынбасары:

- Жаңа механизм ұсынғалы отырмыз. Ол кісілерге де өткен жолы айтқанбыз. Яғни арендалық тұрғын үйді сатып алу құқығымен, қосымша сатып алу құқығынсыз ұсыну мәселесі. Қазақстандық тұрғын үй компаниясы бар, соның базасында осы мәселені жоспарлап отырмыз. Ол жоспар ретінде, әлі талқыланады.

Ал «Отбасы банктің» мәліметінше, толық емес, яғни баласын жалғыз асырап отырған аналардан өтініш тоқтаусыз түсіп жатыр. Өкінішке қарай, оның бәріне қоныс тойын тойлауға ақша жоқ. Мысалы, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасына 51 миллиард теңге бөлініп, оған бар-жоғы бес мың отбасы баспаналы болған. Ал жаздың екі айында 35 мың жанұя үйлі болуға өтініш білдіріпті. Көптің арманы болған қалған екі пайыз жеңілдікпен пәтер алу да енді белгілі бір топтарға ғана бұйырмақ.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы:

- Біз қазір, «Бақытты отбасы», балаларға жетім балаларды қостық, тағы да 12 топтағы мүгедектер. Онда екі пайызбен бағдарлама бар. Көпбалалы аналарға және мүгедек баласы бар, соны тәрбиелейтін отбасыларға.

«Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығарылған 148 мың жалғызбасты ата-ана наразы болғаны жасырын емес. Оның жартысынан көбі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табады. Демек бес пайыздық несиемен тұрғын үй алу түсіне де кірмейді. Сенаторларды осы алаңдатып отыр.

Серік Шайдаров, Сенат депутаты:

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының пікірінше, мемлекеттен қолдау алу мақсатында 2019-2020 жылдары жалған ажырасқандар екі есе ұлғайған. Мүмкін бұл жерде шындық бар шығар. Халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаға өзгеріс енгізуді айқындау қажет деп санаймын.

Депутаттар жауаптыларға тұрғын үйге келгенде ыждағатпен қарауды сұрайды. Мәселен, мұғалімдер «Шаңырақ» бағдарламасымен үй алу үшін жанұяның табыс көзі 138 мың теңгеден аспау керек екен. Ал қазір педагогтер мен дәрігерлер жалақысы өсіп, олар тағы бұл талапқа сай келмей отыр. Сенаторлар бұл мәселенің ережесін өзгертуді талап етті.

Министрлік жұрт үмітті боп жүрген «7-20-25» бағдарламасы келесі жылы жалғасады деп уәде берді. Бұл жақсы жаңалыққа «Отбасы банк» жастар үшін пәтер алудың тағы бір жаңа бағарламасын дайындап қойдық деп қосылды. Пәтер де, несие де, бюджеттен бөлінетін ақша да дайын. Сөйтіп елімізде үйсіз жүрген 623 мың адам үйлі болуға тағы бір қадам жақындайды. Әйтсе де, мұндай сүйінші жыл сайын саны 50 мыңға өсетін әлеуметтік осал топқа қаншалықты қатысты екені белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде