Бірқатар өңірде жылы аялдамалардың тозығы шыққан
Еліміздің бірқатар өңірінде автобус күткендерге ықтасын болар жылы аялдамалардың тоз-тозы шыққан. Астананың өзінде бұл нысан қаңғыбастардың түнейтін жеріне айналған. Сондықтан суықта тоңған жолаушылар тәртіп сақшылары аялдамаларды күні-түні бақылауға алса дейді.
Автор: Жаңалық Ахаш
25.11.2022
Қызылжарда жылы аялдама әлі күнге дейін халық игілігіне жарамай тұр. Бұған дейін кәсіпкерлер орнатып бергені жабылып қалған. Енді бюджет ақшасына тағы екі аялдама жасауға тендер жарияланды.
Петропавлда сынап бағанасы 15 градус суықты көрсетіп тұр. Күн суықта қоғамдық көлік күткендер дірдектемей, жылы жерде ықтағанды қалайды. Енді шенеуніктер облыс орталығына жылуы мен жарығы бар, әйнекпен қоршалған екі аялдама орнатамыз деп отыр. Оған қазынадан 32 миллион теңге бөліпті. Ең қызығы, бірер жыл бұрын осындай бірнеше жаңа аялдама ашылған. Бірақ жолаушылар қызығын көріп үлгермей-ақ, жабылып қалған.
Әсем Айтұлова, Петропавл жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
- 8 желтоқсанға дейін конкурс жарияланған. Бұның алдында қалада бірнеше жылы аялдама орнатылған. Жеке кәсіпкерлер орнатқан. Бірақ күтіміне қаражат таба алмай, жабылып қалды.
Әкімдік орнататын жылы аялдаманың ұзақ уақыт ел игіліне жарайтынына ешкім сенбейді. Бұған дейін ашылғаны қараусыз қалып, автобус күткендерге ықтасын болып жарытпаған. Ең алдымен, жылы аялдаманың күтімімен кім айналысатынын шешіп алса дейді қызылжарлықтар.
Ажар, Петропавл тұрғыны:
- Аялдамаларды сатып алмас бұрын, бәрін жоспарлап, кететін шығынын есептеуі керек. Бюджет ақшасы жете ме? Аялдаманы күтіп ұстай ала ма? Ал енді сатып алып, сол аялдамалар қаңырап бос жатыр. Бастаған ісін ешқашан тиянақтап бітіре алмайды.
Еліміздің бас қаласында суықта пана болар жайлы аялдамалар бұрыннан бар. Бірақ тұрғындар ол қаңғыбастар түнейтін орынға айналды деп ашынады. Күндіз жылы аялдамадағы күлімсі иістің кесірінен көбінің аялдамаға кіргісі жоқ. Сықырлаған аязда немесе ақтүтек боранда болмаса, қоғамдық көлік күткендер аяялдамаға жоламайды.
Жаманбай Шантаев, Астана тұрғыны:
- Аялдамада қаңғыбастардың жатқанын бірнеше рет көрдім. Тұрғындар оған не істей алады? Солардың кесірінен аялдаманың іші сасып тұрады. Өзім ішіне кірмейтін болдым. Автобусты сыртта күтемін. Әне, тіске басары шашылып жатыр.
Елордалықтарға қарағанда Өскемен тұрғындары жылы аялдамаға риза. Мұндағы аялдамаларға қаңғыбастар түней алмайды. Себебі, кешкі оннан бастап таңғы алтыға дейін жабық тұрады. Тек автобус жүретін уақытта ғана ашылады. Тәртіп сақшылары оны бейнекамерамен бақылап отырады.
Жазда аптаптан, қыста аяздан қорғайтын аялдамаға қатысты тұрғындардың пікірі әртүрлі. Түптеп келгенде жергілікті билік күтімін мойнына алып, ал тұрғындар тазалық мәдениетін сақтаса болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!