Жылу-энерго орталықтарын мемлекет меншігіне қайтару керек
Мәселесі көп жылу-энерго орталықтарын мемлекет меншігіне қайтару керек. Президент Екібастұз жылу электр орталығындағы апаттан кейін Үкіметке осындай тапсырма берді. Тұрғындарға көмек көрсетіліп, қателескендерді жазалау керек деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Іле-шала бұған Үкімет те жауап қатты. Жалпы Екібастұздағы төтенше жағдай басшылардың салғырттығынан дегенді сарапышылар да құптап отыр.
Автор: Елдос Есенбол
28.11.2022
Солтүстіктің сүйектен өтер сары аязында екібастұздықтар екінші күн тоқ пешке күні қарап отыр. Әрине, бұл мәселе мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа Екібастұздағы жағдайды дереу реттеуді тапсырды. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Ал кінәлілер жазасыз қалмауы керек. Әрі мәселесі көп мұндай энерго-орталықтар мемлекет иелігіне өтуі қажет деді президент.
Мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайыловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі, аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр орталықтары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр.
Руслан Желдібай, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:
- Басаяғы айналдырған бір-екі айдың ішіндегі бірінші төтенше жағдай емес бұл. Еске салайық, қарашаның басында Риддерде де жылу қазандығы бұзылып 22 мың абонент суықта қалған. Президенттің жылу электр станцияларын жауапкершілігі аз инвесторлардан алып, мемлекет меншігіне өткізу керек деп баса айтқаны да сондықтан. Іле-шала бұған Үкімет былай деп жауап қатты.
Проблемалық энергетикалық нысандардың мәселелері бойынша жұмыс жалғасады. Жалпы осы уақыт ішінде республика меншігіне телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы және экология салаларындағы 10 ірі компанияның акция пакеті мен қатысу үлесі қайтарылды. Тағы 20 нысан бойынша пысықтау жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде бірқатар ЖЭО, мұнай-газ және т/ж секторларының өндірістік объектілері, логистикалық, машина жасау активтері және т.б. бар.
Үкіметтің бұл қадамын сарапшылар да құптайды. Жылу қазандығын мемлекет көмегінсіз ауыстыру мүмкін емес дейді. Әрі қожайындарының салғырттығы осындай күйге жеткізді деп отыр.
Юрий Павленко, Павлодар облысы антимонополиялық кеңестің мүшесі:
- Екібастұз жылуэлектр станциясының басшылығы көп қаражат жұмсадық деп ойлайды. Бірақ шындығында олай емес. Ақиқатында атқарылған жұмыстардың бәрі тек қағаз күйінде ғана. Сондай жалған есептерді толтырып 15 миллиард теңгеге дейін жеткізген. Ал, іс жүзінде жылу желілерінің өте сапасыз жөнделгенін көрдік.
Сондықтан Екібастұз халқы президент пәрменінен кейін биліктелгілер басқаша әрекет етеді деп үміттеніп отыр. Әзірге тоңған ағайынға қайырымды жандар қол ұшын созып жатыр. Бүгін елордадан жылы киім, электр пеші секілді керек-жарақтар жөнелтілді.
Бұл төтенше жағдай «қызым саған айтам, келінім сен тыңданың» сарынына келеді. Риддер мен Екібастұздың жағдайы өзге өңірлерге де дабыл болуы тиіс. Жалпы елдегі тұтас жылу жүйесінің ескіргенін Энергика министрі Болат Ақшолақов мойындаған. Оны жаңарту үшін шамамен 500 миллард теңгедей қажет болады деп те болжам жасаған еді министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!