Шымкентте жолы нашар шағынаудан енді шырақ жағып отыр
Шымкентте мың жарым отбасы тұратын шағынаудан жарықсыз қалды. Достық деп аталатын ықшамаудандағы үйлер жүз пайыз жекеменшік трансформаторға тәуелді. Жоғары кернеуді көтере алмайтын қондырғы жиі өртеніп, жұрт жарықсыз қалады. Жарық жыпылықтай берген соң, тұрмыстық техника да тез күйеді дейді тұрғындар.
Автор: Бек Әбиев
28.11.2022
Бұл аздай, бағасы да белгіленген тарифтен екі есе қымбат. Ал жергілікті шенеуніктердің екі жыл бұрын 100 пайыз электр желілерін жаңартамыз дегені сөз жүзінде қалыпты.
Достық ауылындағы бағаналардың сиқы мынау. Әу баста тұрғындар жиналып орнатқан ағаш бағаналардың көбі қисайып құлап жатқаны да көп кездеседі. Ал, ескі бағанаға ілінген сымдары өрмекшінің торындай жерге дейін шұбатылып жатыр. Есептегіш құралдарының да алқам-салқамы шыққан. Тұрғындар тек жекеменшік трансформаторлардан электр алады. Тұрғындар көп қосылған соң жарық жиі сөніп, тұрмыстық техникалары да жиі күйіп кетеді екен.
Достықта тұратын мүгедек отбасының жылыту қазандығы жарықтың жиі сөнуінен өртеніп кеткен. Қызыл жалыннан үйі мен өздері аман қалғанына шүкір деген жанұя газ плитасын өшірмейді. Өйткені баспанадағы жалғыз жылыту көзі осы.
Зульфия Асабаева, Шымкент тұрғыны:
- Жарық жөнді жанбайды кешке қарай, өшіп қала береді. Шырақ шағып отырамыз.
Мың жарымнан астам отбасы тұратын шағынауданда жол мәселесі де күрделі. Тұрғындардың арыз-шағымынан кейін шенеуніктер жуырда жол жиегіне тас үйіп кеткен. Бірақ жаймалап, тегістеп шығу біздің жұмысымыз емес депті. Сондықтан көше тұрғындары түгел кетпен күрегін алып жол жасауға кірісіп кеткен. Жолы нашар болған соң, шағынаудан ішінде автобус та жүрмейді екен.
Алтынкүл Жанқұлова, Шымкент тұрғыны:
- Күн қысқа, кешке таман оқушы балалар автобустан түскеннен кейін адасып кетеді. Ит қабады, қараңғы. №69 мектепке бару үшін жеті шақырым жүреді, балашаға жаяу қатынайды. Автобус жоқ, бұл жаққа дейін бір автобус жүрмейді. Жолымыздың сиқы мынау. Әкелген фрезасы мынау. Шағал тасты төсеттік енді, айғайлап жүріп.
Шенеуніктер Достық шағынауданындағы электр желілері былтыр ауыстырылуы тиіс еді дейді, бірақ тендерге таласқан мердігерлер соттасып, жұмыс бір жылға тоқтаған. Десе де жаңа жылға дейін шағынауданның электр жүйесін толық жаңартамыз дейді атқамінерлер.
Боранбай Болатбеков, Шымкент энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:
- Электрқуатын біз алып келеміз. Үйдің сыртқы іргесіне дейін есептегіш орнатып береміз. Ары қарай оны үйіне қосып алу тұрғынның өз есебінен жүреді. Оны тұрғынның өзі істейді.
Шенеуніктер Достықтың электр жүйелерін жаңартуға бөлінген 500 миллион теңгені жыл соңына дейін қалайда игеріп бітеміз дейді. Ал ішкі көшелердің жолын асфальттау мәселесін содан кейін ғана қолға алмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!