Алматыда шешендік өнерден «Ділмар» байқауы өтті
Алматыда осымен төртінші рет оқушылар арасында республикалық шешендік өнерден «Ділмар» байқауы өтті. Абай атындағы мамандандырылған мектепте елдің 15 облысы мен үш қаласынан іріктелген 28 оқушы сөз сайысына түсті.
Автор: Асқарбек Қазанғап
29.11.2022
Шешендік байқауында өнерлі өрендердің ой ұшқырлығы, тіл тазалығы, дауыс мәнері, сахна мәдениетін сақтау сарапқа салынды. Сондай-ақ шешендер сөзін жатқа айтудан жарысты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен және алғыс хаттармен марапатталды.
Байқауға үшінші жыл қатарынан Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры демеу жасады. Жоба авторы – журналист, шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы. Байқау жаңа буын, жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, тәрихи-мәдени және ұлттық болмысын тануға бағытталған.
Серік Қалиев, ақын, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры:
- Кешегі Төле би, Қазбек би, Әйтеке би бабаларымыз сияқты, Бөлтірік шешен, Жиренше шешен сияқты ділмарлар шығу үшін, әрине, оларды үнемі сайысқа салып отыру керек. Жанжақты білімінің, сөз саптауын бүгін жан-жақты көрсетіп жатыр. Тіліміздің өрісі ұзара берсе, жас ұрпақты шешендікке баули бірсек, ана тіліміздің жарқырайтын күні алда деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!