{metadescription}
Жарылыста із-түзсіз жоғалған жауынгердің денесі табылды
Жарылыста із-түзсіз жоғалған жауынгердің денесі табылды

Жарылыста із-түзсіз жоғалған жауынгердің денесі табылды

Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болған жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған жауынгердің денесі екі ай бұрын табылған. Тек сараптама қорытындысы енді шығып, мәйіт Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екені расталды.

Мәйт бөлімшенің техника аумағында терең көміліп қалған дейді әскерилер. Бір жыл үш ай хабар-ошарсыз кеткен азаматпен бүгін қоштасу рәсімі өтті. Марқұмның туыстары оның бақи болғанына сенгісі келмейді.

Бауыржан Дәуітбаевтың шашылған сүйегі үйіне жеткізілді. Сараптама қорытындысымен сүйек жоғалған жауынгерге тиесілі екені расталған. Бұны естіген ағайын туыс пен ауылдастары көңіл айтып келіп жатыр.

36 жастағы азаматтан жақындары үмітін үзбей, «ол тірі» деген сеніммен іздеуді жалғастырғанын қалаған. Ал кешегі қаралы хабар бәрін есеңгіретіп тастады. Бірақ марқұмның әкесі: «Жүрегім сонда да байыз таппайды» - дейді.

Талғат Дәуітбаев, Б. Дәуітбаевтың әкесі:

- Жүрек әлі де сенбейді. Жүрген шығар деймін бір жерде. Әскери тергеу басқармадан Алматыдан сараптапа қорытындысы шықты, 99 пайыз сіздің балаңыз болып шықты дейді.

Кіші сержанттың дене мүшелері әскери қойма маңындағы үйіндіден қазып алынған. Жойқын жарылыстан бөлшектелген мәйіт топырақтың астына көміліп қалса керек. Мамандар оның тек 60 пайызын ғана аршып алдық дейді. Сүйектер екі ай бұрын табылғанымен, сараптама қорытындысы енді ғана шыққан.

Еркін Әбсадықов, 28349 әскери бөлімінің командирі:

- Шамамен көлемін білетін шығарсыздар. Топырақ шашылады. Сол топырақтың астынан, өте тереңнен табылды.

- Нақты қандай дене мүшесі екенін айта аламыз ба?

- 60 пайызы деп айттым ғой.

Бауыржан Дәуітбаев бір ай бұрын сот шешімімен өлгендер санатына қосылған. Қазір өтемақы үлестіру жайы қарастырылып жатыр. Әскерилер мен әкімдіктен көмек ретінде бөлінетін қаржы көлемі 35 млн. теңгеден асады.

Былтыр Байзақ ауданындағы әскери қоймада жойқын жарылыстар болып, 17 адам ажал құшқан. Кіші сержантты қосқанда қаза тапқандар саны осымен 18-ге  жетті. Ал оқыс оқиғаның себебі әлі айтылмады.   

Бауыржан Дәуітбаевтың денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Оның мәйіті өзі қызмет еткен әскери бөлім маңындағы бейітке қойылды. Жерлеу рәсіміне келген адамдардың қарасы көп. Бұл азаматтың есімін жергілікті халық мәңгі ұмытпайды. Оны іздеу жұмысына да тұрғындар ерекше ат салысқан. Марқұмның артында бес баласы мен жары қалды. Бауыржан Дәуітбаев із-түзсіз кеткенде оның әйелінің аяғы ауыр еді. «Жолдасым үйге аман-есен келе ме» деп, кенжесінің есімін ырымдап «Амангелді» қойған. Өкінішке қарай жолдасы үйіне тірі қайтқан жоқ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде