Алматылықтарды апатта аман алып қалудан сейсможаттығу өткізілді
Өрт шалған сауда орталығы, есінен танған оқушылар. Осындай сценариймен алматылықтарды айтып келмейтін апатта аман қалудың амал-тәсілін үйрететін сейсмо-жаттығу өтті. Төтенше жағдайға дайындық негізінен жылда пысықталады. Өйткені Оңтүстік астана сейсомикалық қауіпті аймақ болып саналады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
02.12.2022
Небәрі бес жылда қалада екі мыңнан аса, Алматы облысында бес мыңнан аса магнитудасы сезілмейтін дүмпулер болған. Дайындықты КТК тілшісі көріп қайтты.
Таңғы сағат 11. Білім ордасында әдетте оқушылар тағатсыздана күтетін сыңғырлаған қоңыраудың үні емес, зәрені ұшыратын дабыл қағылды. Оқушылардың бірі қорыққаннан қауіпсіз жерге ұмтылып отыра қалса, енді бірі баын сөмкемен жауып сыртқа қарай қаша жөнелді.
Дидар Тілепберген, оқушы:
- Әр адамда қорқыныш болды. Мысалы, өзім қорыққаннан төтенше жағдайдағы бірінші ережені алып, басымды сөмкемен жауып далаға қарай шықтым. Қолайлы жерге.
Кейбіреуі тіпті далаға шығып үлгермей, ғимараттың ішінде құлап, есінен танып қалған. Оны құтқарумен дәрігерлер жан-жақтан жанталасып жатыр.
Дәл сол сәтте Алматыдағы ірі сауда орталығынан будақтаған қара түтін пайда болып, от қылаң берді. Өрт сөндірушілер нысанда қалып қойған тұрғындарды арқанмен түсіріп әлек. Бұл көріністен шошып-үркудің қажеті жоқ. Бүгін қаламызда өткен сейсмика жаттығулардың жоспары осындай.
Ерлан Әлібеков, Алматы ТЖД бастығының міндетін атқарушы:
- Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсможаттығу өткіздік. Негізгі мақсаты – Алматы тұрғындарын төтенше жағдайдағы ісәрекетінің деңгейін көтеру.
Жаттығудың өз қызығы бар. Төтенше жағдайда ғимараттарда тіркеу орны болады екен. Оқушылар сонда дүние астаң-кестең болып жатса да, аты-жөні мен мекенжайын міндетті түрде жазуы қажет. Жоғалып кетпес үшін деп түсіндірді. Кейін автобуспен қауіпсіз жерге көшіріледі.
Бақтияр Жарылқапов, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Бұндай оқыс жағдайға біздің мектеп дайын. Себебі, әр қабырғада түсінікті схема ілінген. Әрбір қабаттың қосымша есіктері көрсетілген. Және де төтенше жағдай қызметіне байланысты шығу түсі жанып тұрады. Оқушылар әрбір нәрсеге дайын.
Ал сауда орталығындағы жұрт төтеншеліктердің дабылына мүлдем мән бермейтін сияқты. Тұрғындар мұны былай түсіндірді.
Әнел Қасенова, Алматы тұрғыны:
- Дабыл қаққанда үрейленесің, әрине. Бірақ кей кезде түсінбейміз ғой. Ойын көреміз. Ешкім далаға атып шығады деп ойламаймын. Өз көзімізбен көрмегенше.
Алматы 9-10 балл сейсмика аймағында орналасқан. Дегенмен мамандар биыл шаһарда жоғары балл жер сілкінісі болмайды деп сендірді. Ал келесі жылға болжам қаңтар айында шығады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!