{metadescription}
«Әлеуметтік кодекс»: Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі
«Әлеуметтік кодекс»: Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі

«Әлеуметтік кодекс»: Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі

Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы өседі. Бала күтімімен отырғандарға берілетін төлем де жаңа жылдан бастап бір жарым жылға дейін созылады. Бүгін еңбек министрі мәжілісте осындай өзгеріс енгізілген «Әлеуметтік кодекс» жобасын таныстырды.

Әлеуметтік сала елдегі басым бағыттардың бірі болғандықтан, депутаттар заңның әр тармағын майшаммен қарады. Жаңа жылдан басталатын қандай жаңашылдықтар бар?

Ел азаматтарының дені өзіне қандай әлеуметтік көмек тиесілі екенін білмейді. Білуге талпынған күннің өзінде заңнаманың тілі тым шашыраңқы әрі қарапайым халыққа түсініксіз. Мемлекет басшысы 2020 жылы Еңбек министрлігіне «Әлеуметтік кодекс» жобасын әзірлеп, барлық заң нормасын  бір құжатқа шоғырландыруды тапсырған. Серік Шәпкеновтің аяқтамай кеткен жобасын бүгін мәжіліске Тамара Дүйсенова алып келді. Әлеуметтік кодекстің әлқиссасы отбасының сандық картасына негізделіпті. Оған елімізде 19 миллион халықтың әлеуметтік жағдайы бүге-шүгесіне дейін жазылады. Осы арқылы мемлекет көмегіне шын мұқтажды әп-сәтте анықтаймыз деп отыр.

Министр көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемі артады деді. Бірақ нақты қаншаға екені белгісіз. Бала күтімімен үйде отырған келіншектерге берілетін төлемнің бір жарым жылға ұзаруы да осы кодекс аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылады. Және құжатта мүгедек адамдардың отбасы мүшелеріне «жеке көмекші» немесе «әлеуметтік қызметкер» статусын  беру ұсынылған.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бала күтіміне байланысты төлем мерзімі ұзартылады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көбейтіледі және олар "Алтын алқа", «Күміс алқамен» наградталған ана деген жаңа статуспен қарастырылады.

Әлеуметтік төлемнің қай-қайсы болмасын бізде айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Кодексті талқылау кезінде депутаттар төлем есептеуде АЕК-ті  қолданыстан шығаруды ұсынды. Бірақ мемлекеттің қаржы жағдайы қазір бұған мүмкіндік бермейді деп жауап берді министр.

Жәмилә Нұрманбетова, Мәжіліс депутаты:

- Тәуелсіздік қарсаңында енгізілген айлық есептік көрсеткішті әлі пайдаланып келеміз. Иә, бұл жоспарлауға ыңғайлы шығар. Бірақ, АЕК-тің экономикамен де, жалақымен де еш байланысы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемді бір көрсеткіш – не ең төменгі күнкөріс деңгейі, не ең төменгі жалақымен аудару керек деп санаймыз.

Елімізде қазір 2 миллионға жуық қазақстандық атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Яғни осынша адам кедей өмір сүріп жатыр деген сөз. Бірақ соңғы жылдары табысын жасыру арқылы мұқтаж кейпіне енетіндер тым көбейіп кеткен. Содан болар, министрлік 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың шартын өзгертпекші.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Біз азаматтарға жәрдемақы беріп олардың жағдайын жасай алмаймыз. Азаматтарға берілетін ең жақсы әлеуметтік көмек – жұмыс. Жұмысы болып, еңбекақы алып отырған адамға еш жәрдемақы керек емес. Сондықтан біз жәрдемақыны мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана береміз. Жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, қосымша оқу, жұмыс, грант, кредит – бәрі қосылып, отбасын қиын жағдайдан шығаруы керек.

Осылай Тамар Дүйсенованың бүгінгі ұсынған жобасы еліміздің әлеуметтік саласына қан жүгіртеді деген сенімде. Мұндағы бірқатар бастама ендігі жылдың қаңтар айынан бастап жүзеге асады. Әлеуметтік кодекс мақұлданса, алдағы уақытта 80-нен астам заңға өзгеріс енгізіліп, 10 құжат күшін жояды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде