Екібастұзда құбыр тағы жарылып, ондаған үй қайта жылусыз қалды
Тоғыз күннен бері жылуға жарымай тоңып отырған Екібастұзда бүгін тағы құбыр жарылып, ондаған үй қайта жылусыз қалды. Коммуналдық қызмет жамап-жасқап жанталасқанымен, құбырдағы ақау қайта-қайта шығып жатыр.
Автор: Әзиза Төленби
06.12.2022
Жалпы қаладағы жылу желісінің ұзындығы 420 шақырымнан асады. Биыл жазда соның тек 619 метрі жаңартылыпты. Ал жылу жүйесі негізінен «Орталық Азия энергетикалық корпорациясына» тиесілі. Апат осы компанияға тиелісі аумақта болған. Әлі күнге дейін жылу беруді қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Қазір тұрғынүйлерге жылу барғанымен, тоғыз күн бойы суыққа қатып қалған батареялар жарылып, көптеген пәтер иелері әлі тастай жерде өмір сүруде. Үкіметтегілер әбден ескірген жылу жүйесіндегі апатты дұрыс жүргізілмеген тариф саясатымен де байланыстырып отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:
- Менің ойымша, бұл әлеуметтік бағыттағы тариф саясатының басым болуына байланысты. Жүктеме негізінен бюджет ұйымдары мен заңды тұлғаларға бағытталған. Осындай дифференциалды тариф есебінен былтыр Екібастұзда 420 шақырым құбырдың 619 метрі ғана жөнделген. Бұл тек қана 0,01% көрсеткіш. Ертелі-кеш мұндай тариф саясатының салдары болатыны анық. Ал Жылу электр орталықтары сияқты нысандарды ұстау қымбат.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!