Таразда жөндеу аяқталмаған мектептің оқушылары студенттермен қабаттасып оқып жүр
Жамбыл облысында мектепке жүргізілген күрделі жөндеу жұмысының уақытында аяқталмауынан оқушылар колледжде студенттермен қабаттаса оқып жүр. Ата-аналар онда оқу сыныптары тар әрі оқу жабдығы жетіспейді деп шағым айтуда.
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.12.2022
Қолайсыздықтан әбден ығыр болған наразы топ білім ошағының құрылысын тезірек аяқтауды сұрап отыр. Ал білім бөлімі бар кінәні мердігерге артып отыр.
Тұрар Рысқұлов ауданындағы мектеп-гимназиясына жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы биыл оқу жылында аяқталуға тиіс еді. Алайда мердігер межелі мерзімде бітіріп үлгермей, 900 оқушы үш айдан бері техникалық колледждің жоғарғы екі қабатында оқып жатыр. Ата-аналар мұнда түк жағдай жасалмаған дейді.
Ринат Телбаев, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Ол жерде білім алып жетісіп жатқан жоқ. Кабинеттен кабинетке ауысудың өзі машақат. Жағдай өте қиын. Ол жерде асхана да алыс, мүмкіндік жоқ баруға. Үзіліс бесақ минут, бұл уақытта олар кабинеттен ауысып та үлгермейді.
Наразы топтың сөзінше, балалары мұнда қысылып-қымтырылып әзер отырады. Парта, тақта сынды оқу құралы да жетіспейді. Оның үстіне мұнда қатынаудың өзі оңай емес. Сондықтан олар гимназияның құрылысын тезірек аяқтауды талап етіп отыр.
Мәдина Мырзагелдиева, Жамбыл облысының тұрғыны:
- Облыс әкімі қайда қарап отыр? Мектептің жұмысын бақылау ол кісінің құзыретінде ғой. Балалардың сапалы білім алуы, олардың қауіпсіздігі сол кісінің мойында. Нұржан Нұржігітов қайда қарап отыр?
Ал білім бөлімінің басшылығы жағдайға мердігер кінәлі дейді, Серіктестік келісілген уақытта нысанды тапсырып үлгермеген. «Соның зардабын біз тартып, тығырыққа тірелдік» - дейді. Оқу процесін үзбеу үшін өз тарапымыздан амалдың бәрін жасадық деген басшы, кәсіпкерді сотқа бергенін айтады.
Майра Базарова, Т. Рысқұлов ауданы білім бөлімнің басшысы:
- Жұмыс сапасы, баяу жүріп жатқаны бойынша, кешіктіріліп бастап жатыр ғой. Сол хаттардың барлығы аудандық білім бөлімі тарапынан жіберіліп жатыр. ГАСКға біз хаттардың бәрін жібердік. ГАСК мердігерді сотқа берді. Сот процесі басталады.
Күннің суығына қарамастан, құрылыс жүріп жатыр. Білім бөлімінің басшысы жөндеу жұмысы бір аптада аяқталып, оқушылар оралады деп сендіреді. Ал бәріне жауапты мердігер жағдайды түсіндіріп сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!