60-тан астам атыраулық жиһаз компаниясына алданып қалған
Жиһаз емес, жер сипап қалды. Атырауда 60-тан астам адам жиһаз жасайтын компанияға алданып қалған. Тіпті кейбірі 4 миллион теңгеден астам ақша төлепті. Алайда әлі күнге дейін тапсырыс берген дүниелері дайын емес. Бірақ жиҺаз цехы әлі жұмыс істеп тұр. Ал құзырлы орындар бес-алты айдан бері қол қусырып, шара қабылдамай отыр дейді жәбірленушілер.
Автор: Жанат Молдашова
06.12.2022
Жиһаз шығаратын «Альянс групп» компаниясына алданған атыраулықтар. Барлығы жыл басында кәсіпкерге миллиондаған ақша төлеп, түрлі жиһазға тапсырыс беріпті. Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған компания жеңілдік жасап, тапсырыс берушілерді түрлі сыйлықпен қызықтырған. Тіпті банк арқылы несиеге рәсімдеуге де мүмкіндік жасалғандықтан, еш күмәнданбаған жұрт енді сан соғып қалған.
Гүлфара Тәжікен, Атырау тұрғыны:
- Қайдан ғана бұл жеке кәсіпкер «Альянс мебельге» жолықтық. Себебі. Жарнамасын көрдік, мықты болатын. Әлі де тоқтар емес. Инстаграмда алданған адамдардың бәрін бұғаттап тастаған. Олар парақшасына кіре алмайды. Оны белгілей алмаймыз. Мен мамырда, мына кісі 4 млн 300 мың, 700 мың, 2 млн. Осы кеше екі айда 1 млн 900 мыңға алданған адамдар бар. Бас директоры – Тұрлыбеков Мұрат. Жеке кәсіпкерлік Тұрлыбекова Бақтыгүл деген келіншегінің атында.
Гүлмира Макеева, Атырау тұрғыны:
- Осындайды сыйлыққа береміз, келіңіздер деген. Сол жерден 4 миллион 310 мыңға бөліп төлеп алдым. Жеті ай болды. Бостан бос кредит төлеп отырмыз, балашамның аузынан жырып. Мен ақша алған жоқпын дейді. Ал Каспий банк қолхат берді солардың шотына аударылғаны туралы.
Жәбірленушілер жиһазға тапсырыс алуға келген қызметкерлері де алдап, қаржыны жеке шотына аудартып алды дейді.
Камшат Нысанбаева. Атырау тұрғыны:
- 70 пайызға 450 мың теңгені Ернат Төлепбергенов, әйелім Ляззат Бекбаеваға аудар деп, осы нөмірге 450 мың теңге аудардым. Содан кейін мен «Альянс мебельге» хабарлассам, мына кісі жұмыстан шығып кеткенін айтты. Сол себептен мен полцияға, прокуратураға арыз жаздым.
Қарапайым халықтың сеніміне кіріп миллиондаған қаржыны қалтасына басқан компания әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бірақ кеңсенің есігі құлыптаулы. Бірнеше банкпен келісімшарты барын есікке жапсырылған жазбадан-ақ көруге болады. Тіпті әлеужеліде де әлі жарнамасы жер жарып тұр. Жәбірленушілермен бірге «Альянс групп» компаниясының жиһаз шығаратын цехына да бардық. Бұл жақта да есік тарс жабық. Аталмыш компанияның бас директоры тек телефонмен тілдесті. «Ол цехқа жауапты ресейлік азамат мені де алдап кетті» деп ақталды.
Мұрат Тұрлыбеков, «Альянс групп» компаниясының бас директоры:
- Бір жарым жыл бұрын Ресей азаматы Владимир Максимов дегенді директор етіп алғанмын. Ол көп клиентті алдап, тамыз айында қашып кеткен. Қазір тапсырыс берушілердің қаржысын қайтарып берудің қамын жасаудамыз. Компания жұмысын жалғастырып жатыр.
Ресейлік азамат тамыз айында қашып кеткенімен, бұл компания қазан айында да тұрғындардан алған тапсырысын әлі орындамаған. Жалпы «Альянс групп» компаниясына 60-тан астам атыраулық 35 миллион теңгеге жуық ақша төлеген. Мұны компания басшысы да растап отыр. Ал полиция алаяқтық бабымен іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!