Ит – жоғалған сәбиді де, телефонды да тауып берген
Жоғалған сәбиді тауып берген. Астанада анасы екі жасар баласынан абайсызда көз жазып қалған. Көмекке Феликс атты ит келіпті. Баланың ойыншығын иіскелеген ит, жарты сағаттан соң қаннен-қаперсіз ойнап отырған бүлдіршінге бастап апарған.
Автор: Елдос Есенбол
06.12.2022
Астанадағы кинология орталығындағы ақылды ит жалғыз Феликс емес. Ондағы төртаяқтылар небір қылмыс түйінінің тез шешілуіне септігін тигізген. Арнайы сайыстарға қатысып, иесін жерге қаратпай жеңіспен оралғаны да көп.
Бұл иттің аты Маршалл. Қазақсттанның екі дүркін чемпионы. Жалпы иіс сезгіш иттер арасындағы түрлі сайыс жиі өткізіліп тұрады. Астана қаласындағы кинология орталығы иісшіл иттерді сайыстарға тұрақты қатыстырып, жүлдесіз оралмайды екен. Мысалы, биыл қарулы күштер арасында өткізілген із кесуші иттер жарысында Кэс есімді ит жүлделі екінші орынды жеңіп алыпты. Астана Полиция департаментіне қарасты кинология орталығында 60-тан астам иіс сезгіш, із кесуші иттер бар. Олар қаладағы барлық қылмысты ашуға қатысады дейді кинологтар. Жеті қазынаның бірін мамандар қарым-қабілетіне қарай бірнеше бағытқа бөліп тәрбилейді. Бірі қару-жарақты іздеп тапса, енді бірінен жарылғыш заттарды жасырып қалу мүмкін емес. Тіпті ақылды иттер жоғалған адамды ғана емес, оның мүлкін де тауып беруге қауқарлы.
Рауан Дәулетов, Астана ПД Кинология қызметі орталығы бастығының орынбасары:
- Өткен аптада осындай бір жағдай болды. Мектепте бір қыздың ұялы телефоны жоғалды. Полицияға хабарласты. Сол жерге жедел тергеу тобымен біздің кинолог барып, телефонын тауып берді. Ізін суытпай тауып берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!