Бүкіл елдегі жылу энергетикасы саласын коррупция дендеген
Жылу энергетикасындағы проблемалар көп жыл бойы қордалаған жемқорлықпен байланысты. Және бұл жалғыз Екібастұз емес, жалпы ел бойынша жылу энергетикасы саласын коррупция дендеген дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегілер.
Автор: Айғаным Достанбай
07.12.2022
Саян Ахметжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің бастығы:
- Екібастұзда болып жатқан жылумен жабдықтау трагедиясына назар аударғым келіп отыр. Соның нәтижесінде елеулі әлеуметтік наразылық орын алды. Бұл жылу энергетикасы саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне байланысты.
Антикор басшылығы Семейдегі «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнының мүшкіл жағдайын мысалға келтірді. Жылу энергия орталығының берешегін өтеуге және жылумен жабдықтау нысандарын жөндеуге қазынадан миллиардтаған қаражат бөлінеді. Алайда тұрғындар одан жағдайдың оңалып кеткенін көрмей отырмыз деп шағымданған.
Тағы бір мысал, «Батыс Қазақстан электр желісін тарату» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары жүйелі түрде сыбайластарымен сөз байласып бюджет қаражатын жымқырып келіпті. Шенеуніктің қылмысы әшкере болып темір торға қамалған.
Саян Ахметжанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің бастығы:
- Коммерциялық және коммерциялық емес нысандарды жылу орталығы жүйесіне қосу – кәсіпорын басшылықтарының арасында кеңінен тараған сыбайлас жемқорлық схемаларының бірі. Ресми емес мәлімет бойынша, сыйақыдан дәметкен кәсіпорын директорлары небір айла-шарғыға барады. Мәселен, жеке және заңды тұлғаларға жылумен жабдықтауға қосылудың техникалық шарттарын таратады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!