Алматыда құрылыс компаниясы мен педагогика университеті соттасып жатыр
«Тырнақтың астынан кір іздеп, ақшамызды төлемеді!» Алматыда құрылыс компаниясының өкілдері бүгін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті алдында шарасыздықтан жиналды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.12.2022
Олардың айтуынша, жеті қабатты ғимарттың ішкі жөндеу жұмысын толық аяқтағанмен, білім ордасының басшылығы атқарылған жұмысқа тиесілі 89 миллионның қалған 33 миллион теңгесін бермей отыр. Онымен шектелмей, тіпті құрылыс компаниясын сотқа берген.
Нұркен Табылғанов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Олар жөндеуден өткен жерді қабылдап алды. Бірақ ақшаны толық төлемеді. Сотта атқарылған жұмысының бәріне ақша төленді деп жалған ақпарат беріп отыр. Барлық қабатты бүгін бірге жүріп араладық. Бәрінде жарық тұр. Қабырғалары, төбесі жөндеуден өткен. Қол астымыздағы жұмысшылар тығыраққа тірелді. Бәрінің отбасы, несиесі бар. Кеткен олқылық болса, қайта жөндеуге дайынбыз. Бірақ университет басшылығы ондай келісімге келмей отыр.
Құрылыс компаниясының айтуынша, олар кеткен кемшілік болса, түзеуге дайын. Бірақ университет әкімшілігі оған мұрсат бермей отыр. Ортақ мәмілеге келудің орнына бір жақты келісімшарттты бұзу үшін сотқа беруін шектен шыққандық деп біледі. Ал білім ордасының заңгерлері құрылысшылардың жұмысты тиянақты атқармағанын, 30 пайызын сметаға сәйкес аяқтамағанын айтады.
Тұрсынкүл Есдәулетова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің заңгері:
- Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа бердік. Сол жерде азаматтық процесс кодексімен қаралып жатыр. Қазір сот жүріп жатыр. Судья өзінің обьективтік заңды шешімін береді деп ойлаймын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!