Айрандай ұйыған ұжым қос филиалдың бірігуіне түбегейлі қарсы – Алматы
Қос филиал біріктіріледі! Алматыда мектеп директорлары мен педагогика уинверситеті оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыратын республикалық институт қызметкерлері ұстаздар үйіне көшіп баратын болды. Жыл сайын мыңдаған мұғалімнің білім көкжиегін кеңейтіп жүрген мамандар бұл шешімге түбегейлі қарсы.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
07.12.2022
Себебі: кәсіби даму институтының қызметкерлері жұмыссыз қалудан қорқады. Олар қалада орналасқан екі филиал біріксе, жоспарлаған жобаларамызды жүзеге асыра алмай, оның кесірі педагогтарға тию мүмкін деп отыр. Алайда «Өрлеу» ұлттық орталығының өкілдері алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.
Ұстаздар үйінде жыл сайын 5 мыңға жуық педагог кәсіби біліктілігін арттырып, әдістемелік көмек алады. Қаладағы барлық мұғалімнің тәжірибе алмасу алаңына айналған орталықта халықаралық іс-шаралар да ұйымдастырылады. Мұнда ұстаздар педагогикалық жобаларды жүзеге асырып, түрлі курс оқиды.
Алайда жаңа жылдан бастап бұл ғимаратқа мектеп директорлары, балабақша басшылары мен педагогикалық жоғарғы оқу орнындағы оқытушылардың біліктілігін арттыратын республикалық институттың қызметкерлері көшіп келеді. Бұл жаңалық орталықта ұзақ жылдан бері жұмыс істеген қызметкерлердің көңілін күпті қылған. Мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеменің педагогтарын оқытып жүрген тәжірибелі мамандар жоспарлаған жобаларымыз аяқсыз қалып, оның кесірі ұстаздар қауымына тие ме деп алаңдайды.
Жанар Ибраева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы филиалының кафедра меңгерушісі:
- Мегаполистегі мыңдаған, миллиондаған мұғалім кезеккезекпен курстан өткізіледі. Жыл он екі ай. Осы мұғалімдер бізден алшақтап қалмай ма? «Олар әдістемеден қағылып қалмай ма» деген қауіп бар. Мен бұл орталықтың жабылуына қарсымын. Себебі, 60 жылдық тарихы бар мекеменің жабылып, басқа статусқа ие болуы менің ғана емес, ұжымның емес, қаладағы мұғалімдердің болашағына балта шапқанмен бірдей.
Айрандай ұйыған ұжым қос филиалдың бірігуіне түбегейлі қарсы. Жарты ғасыр тарихы бар кәсіби даму институтында 41 адам жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Акционерлік қоғамның төрағасы қызметкерлердің жартысын облыстағы мекемеге орналастырамыз депті. Қалғаны қыстың көзі қырауда жұмыссыз қалуы мүмкін.
Нұрзат Райымқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы филиалының SMM маманы:
- Жасымыз елуден асты. Жұмыс табу қиын. Мені Алматы облысына жіберіп жатыр. Осы қалада орналасқан. Бірақ декреттегі қызметкердің орнына алды, яғни уақытша қызмет. Маған тұрақтылық керек. Ертеңгі күніме сенімді болуым керек.
Ал білім беру бағыты мен әдістемесі мүлдем басқа институт мамандары пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдайтынына орталықтың директоры күмәнмен қарайды.
Раиса Сәдуақасова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы филиалының директоры:
- Мемлекет тапсырысын орындамай қателік жіберсек, жабылудың себебін түсінер едік. Бірақ біздің ұжым жүктелген міндетті орындап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Біз имиджге де жұмыс істедік. Халықаралық гранттарды жеңіп алдық. Мәселен, АҚШ елшілігінің білім беру грантын ұттық. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірлесіп бірқатар жобаны жүзеге асырамыз. Көптілді білім беру жүйесіне де үлес қосып келеміз. Мектеп мұғалімдерін енді кім оқытады? Түсініксіз.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» өкілдері институттың қызметкерлері мәселенің байыбына бармай, байбалам салып жатқанын жеткізді. Өйткені мамандардың дені ешқайда ауыспай, бұрыңғыдай ұстаздар үйіндегі жұмысын жалғастыра бермек.
Айжан Қырғызбекова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Екі филиалдың шығыны жыл сайын 100 млн. теңгеден асады. Филиалдарды біріктіру арқылы оптимизация іске қосылды. Осылайша әкімшілік және басқа шығындар қысқартылады. 28 қызметкерді республикалық институттағы бос орынмен қамтимыз. Енді екі қосылған филиал осылай аталады. Жеті қызметкер Алматы облысы бойынша институтқа ауыстырылады. Қалған алты қызметкердің екеуі ұсынылған лауазымнан бас тартты.
«Өрлеудегілер» өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» қадам жасадық деп отыр. Олар: «Бұл өзгеріс білім сапасы мен педагогтардың кәсіби дамуына еш кедергі келтірмейді» - деді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!