Павлодар облысына тағайындалған жаңа әкім Асайын Байхановқа міндеттер жүктелді
Павлодар облысына жаңа әкім тағайындалды. Аймақ басшысының қызмет орны бір аптадай бос тұрған. Ал әкімнің қызметін уақытша орынбасары атқарған еді. Енді облыс басшысы бүгіннен бастап – Асайын Байханов. Бұған дейін ол Павлодар қаласының әкімі болған.
Автор: Әзиза Төленби
07.12.2022
Жаңа әкімді облыс активінің алдында премьер-министр таныстырып, оған жүктелген міндеттерді жіпке тізді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Облыс әкімдігі стратегиялық құжаттарды толық әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Өңір экономикасын әртараптандыру өте маңызды. Облыста жобалау сатысында 48 инвестициялық жоба бар. Жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек.
Ұлттық жоба аясында Павлодар облысында 6 мың оқушыға арналған жеті мектеп, отыз алғашқы медициналық көмек нысандарын салу жоспарлап отыр. Ең бастысы, алты айға созылатын солтүстіктің қысында Екібастұз халқы жылусыз қалмауға тиіс.
Он күн жылусыз отырған қалада қазір жөндеу жұмысы аяқталғанымен, апат кез келген уақытта қайталануы мүмкін.
Жаңа әкімнің жасы 45-те. Павлодар қаласының әкімі болып былтыр ғана келген. Енді бір жылдан кейін лауазымы көтеріліп, облысты басқарып отыр. Асайын Байхановпен бірге бүгін Шығыс Қазақстан облысына да әкім тағайындалды – 69 жастағы Даниал Ахметов қызметін жалғастыра береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!